Төлеметов көшесінен Тұран мен Шымкент Ситиге балама жолдар ашылады

0
109

Бүгінде Бәйдібек би даңғылы қаладан Бозарық, Тұран мен Шымкент ситиге қарай шығатын жалғыз жол болып тұрғаны белгілі. Қазірдің өзінде дендросаябақтың, зообақтың тұсында жиі кептеліс болады.

Болашақта жоғарыда аталған шағын аудандарда халық саны көбейе берері анық. Қ.Төлеметов көшесінен Тұран мен Шымкент-ситиге қарай шығатын балама жолдар керек екені көрініп тұр. Қаланың Бас жоспарында мұндай жолдар қарастырылған ба, болса қай тұстан, қашан салынады. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов өз ойымен бөлісті.

– Қазір С.Бәйтереков көшесі кең болып келеді де Қ.Төлеметов көшесіне жеткенде аяқталып қалады. Ары қарай Қайтпас шағын ауданына кіретін Ы.Алтынсарин атындағы жіңішке көше бар. Бүгінде сол Ы.Алтынсарин көшесін кеңейтіп, қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Көшенің бір қапталындағы нысандар бұзылып, ол 4 жолақты магистралды жолға айналады. Сөйтіп, С.Бәйтереков көшесінен келген көліктер тіп-тіке Қайтпас шағын ауданын кесіп өтіп, ары қарай қырға көтеріліп кетеді. Ол жақта Тұран шағын ауданының дайын жолдары тұр. Яғни, А-2 тас жолы мен Тұран шағын ауданынан басталып С.Бәйтереков, Ж.Адырбеков көшелері арқылы қаланың орталығына дейін жетіп, Төле би көшесіне дейін баруға болады. Осылайша, бұл – Бәйдібек би көшесіне балама жол болады, – деді Е. Жолдасов.

Сондай-ақ басқарма басшысы былтыр Ж.Адырбеков көшесінің бір бөлігі кеңейтілгенін, осы жұмыстың жалғасы қашан жүргізілетіні туралы пікірін білдірді.

– Ж.Адырбеков көшесінің қалған бөлігі де кеңейтіледі деп жоспарланғаны рас. Алайда, біз бұл жобаны әзірге тоқтатып, қайта қарауға жолдадық. Мұның негізгі 2 түрлі себебі бар. Біріншіден, жолайрықтың құрылысына байланысты көлік ағыны Дулати, Қазыбек би және Ж.Адырбеков көшелеріне қарай бағытталуда. Егер Д.Қонаев даңғылын ашпай тұрып, бұл 3 көшенің біреуін жабар болсақ кептеліс мәселесін шешу мүмкін емес. Екіншіден, Ж.Адырбеков көшесін кеңейту үшін бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді мемлекет қажеттілігіне алып, бұзуға тура келеді. Оның тиімділігін жан-жақты зерттеп, қайта қарау үшін жобаны уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылданды, – деді басқарма басшысы.

Leave a reply