Халықты таза ауыз сумен қамту-басты міндет

0
104

Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы ретте бүгінгі таңда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96 пайызды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал Түркістан облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары әлі де жанданып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берген болатын.

– Біздің алдымызда Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын. Осы айдың соңында тағы да жиналып, ауыз саласындағы мәселелерді талқылаймыз, – деген Дархан Сатыбалды су шаруашылығына жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керектігін де айтты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Түркістан облысында 737 елді мекен (91,3 %) ауыз сумен қамтылған. Қалған 70 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталып кеткен. 41 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, оның 14-інде жұмыс басталып кеткен. 9 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. 14 елді мекенде барлау жұмыстары жүруде. 29 елді мекенге кешенді-модульдік блок орнатылады. Биыл 47 нысанның құрылысы жүрсе, оның 37-сі жыл соңына дейін тапсырылады. 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Жыл соңына дейін жаңадан 22 елді мекен ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 759-ға жетеді. Халық саны бойынша индикатормен есептегенде ауылды жердегі елді мекендердің ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетсе, қалалар 100 пайыз қамтылмақ.

Жалпы Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Өткен жылы 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 32 нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.

“БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысындарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл ауқымды жоба, бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар. Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан Маңғыстау» су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады. Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл Үкіметтің алдында тұрған басты міндеті”, – деді Мемлекет басшысы.

Leave a reply