Thursday, November 21

ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН ЖАН

0
118

Киелі Түркістан шаһарында халық игілігі жолында адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын халық денсаулығы үшін арнап, елдің алғысын алып жүрген ақ халатты мейірбан жандар аз емес. Солардың бірі – Түркістан қалалық «Семей ардагерлері және мүгедектер қауымдастығы «Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдиев Әлімжан Әбдіжаппарұлы.

Саналы ғұмырының 40 жылға жуығын медицина саласына арнаған Әлімжан ата 1957 жылы 10 қаңтар күні Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. 1973 жылы 10 жылдық мектепті үздік аяқтап, Түркістан қаласындағы медицина училищесіне оқуға түскен. Студент кездің өзінен оның бойынан дәрігерге тән қасиеттердің баршасы табылатын. Өзін жан-жақты көрсете білген жас Әлімжан 1976 жылы училищені аяқтап, ауылына келе салысымен Кеңес Армиясына Семей ядролық сынақ полигонына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. 1979 жыл қаңтар айының он алтыншы жұлдызынан бастап, «Санитарлық эпидемиялогиялық станциясында» санитарлық ағарту инспекторы болып өз еңбек жолын бастайды.

Құлшыныспен жұмысын тиянақты атқара жүріп 1985 жылы Ферғана институтының биология мамандығына оқуға түсіп, 1990 жылы жоғары дәрежеде тәмәмдайды. Үнемі даму мен білім алу жолында жүрген Әлімжан 1995 пен 1997 жылдар аралығында Түркістан аудандық медицина бірлестігінің кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқарып шығады. 1995 жылы Алматы қаласында өткен Кәсіподақ ұйымының екінші съезіне делегат болып қатысып, өз біліктігін арттырады. 1997 жылдың көктемінде Түркістан қалалық ауруханасына Төтенше жағдайлар бойынша бас маман болып ауысады. Өз тәжірибесінде ол жұмыс істеген барлық мекемеде қызметін адал атқарып, көпшіліктің алғысына бөленген. Одан бертін келе 2000 жылы Түркістан қаласында денсаулық сақтау бөлімі ашылған уақытта Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар медицина қызметінің штаб басшысы лауазымына ұсынылып, зейнет жасына келгенше сол мекемеде 20 жылдай қызмет атқарып, ерен еңбек еткен.

-Қаладағы барлық медицина мекемелеріне төтенше жағдайлар жөнінде жауапты болдым. Неше түрлі оқиғаларды бастан өткердік. Денсаулық адамға Алланың берген аманаты ғой, ал біз сол аманаттың қорғаушысымыз. Пайғамбар жасына келгеннен кейін төрт парыздың бірін орындап Қажылық сапарына аттандым. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым, қызметімді адал атқардым, ендігі мақсатым, ел игілігіне тағы да үлес қосып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеттегі құрдастарымның басын қосып, оларды Алматы, Нұрсұлтан қалаларындағы санаторий мен госпитальдарға жіберіп, солардың ризашылығын алу,- дейді еңбек ері Әлімжан Әбдіжаппарұлы.

Алғысқа бөленген Ә.Әбдіжаппарұлы Денсаулық сақтау саласында көп жылғы жемісті еңбегі үшін аудан, облыс әкімдігінің , ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісі және алғыс хатымен марапатталды. Соның ішінде 2012 жылы денсаулық сақтау министрлігінің бұйырығымен «ҚР халқының денсаулығын сақтау ісіне айрықша сіңірген еңбегі үшін», «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, 2016 жылы ҚР денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. Жақында ғана 2022 мамыр айында ҚР денсаулық сақтау министрлігі ұсынған «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған медалін еншіледі.

Асыл жары, 40 жылдық еңбегі бар білікті мейірбике Зулхумар Мысырқызы екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Әділбек әке жолын қуып, қазір Түркістан қаласындағы «Ақмарал» қалалық ауруханада дәрігер-невропатолог болып істейді. Екінші ұлы Наурызбек – Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында қызмет етеді. Ал, қызы Химаят Әлімжанқызы да медицина саласын тәмәмдап, әке ізін жалғап келеді. Бүгінде Әлімжан ата мен Зулхумар апа ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты шаңырақ иелері.

Іргетасы берік қаланған әулеттің бүгінде облыс және республика көлемінде есімдері мақтанышпен аталып жүр. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады демекші, айбыны асқан Әлімжан атаның отбасына берекелі ғұмыр тілейміз.

Leave a reply