«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»: Шымкентте әлеуметтік мәселелер шешімін табуда

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жолғы қабылдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келетін нақты іс-шараға айналды. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткен кезекті қабылдауға Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қатысып, тұрғындардың әлеуметтік сипаттағы мәселелерін тыңдап, тиісті жауаптар мен нақты көмек көрсетті.
Қабылдауға келген азаматтардың басым көпшілігі атаулы әлеуметтік көмек алу, мүгедектікке шығу, денсаулығына байланысты сауықтыру орындарына жолдама алу, жұмыссыздықтан арылу сынды күнделікті тұрмыстық мәселелерін тілге тиек етті. Жеке қабылдау кезінде басқарма басшысы Жанат Өтебаева барлық өтініштерді мұқият қарап, заң аясында шешу жолдары ұсынды. Бірнеше тұрғын сол күні-ақ жұмысқа орналастырылды.
Мысалы, Қазына көшесінің тұрғыны, зейнеткер азаматша денсаулығына байланысты сауықтыру курсына бару мүмкіндігін сұрап келген болатын. Басқарма басшысы оған зейнеткерлерге арналған мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды түсіндіріп, нақты бағыт-бағдар берді.
«Біздің басты мақсат – әрбір азаматтың үніне құлақ асып, мәселесін назардан тыс қалдырмау. Халықпен ашық диалог құру арқылы сенімді нығайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеміз», – деді Жанат Утебаева.
Партия өкілдері мұндай қабылдаулар халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудың тиімді тетігі екенін айтып, алдағы уақытта да бұл форматтағы кездесулер жалғасын табатынын жеткізді.
Бұл бастама – азаматтардың мемлекет ісіне қатысуын арттырып, әлеуметтік түйткілдерді жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді механизмге айналып отыр. Бұл тәжірибе қоғамда азаматтық белсенділікті арттыруға, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік басқару процестеріне жұртшылықты кеңінен тартуға сеп болмақ.