«Шал, кет» деп ұрандатқан белсенді сотталды

Қаңтар оқиғасы кезінде «Жаңаөзенді қолдайық! Шал, кет!» деп ұрандатқан белсенді Молдабай Сәдібеков үш жылға қамалды. Бұл туралы infonews.kz сайты хабарлайды.
6 маусым күні судья Мадияр Әбдірәсілов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігі («Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру») бойынша айып тағылған шымкенттік белсенді Молдабай Сәдібековті қылмысқа кінәлі деп танып, үш жылға бостандығынан айыруға үкім шығары.
– Тағылған айып өз дәлелін тапты, қылмыс жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған. Бір оқиға екі баппен сараланған соң, «Билік өкіліне күш қолдану» бабын алып тастадық, – деді судья.
Айта кетейік, сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тарап апелляция шағымын беруге құқылы. Сәдібеков бейбіт митингіге шыққанын растап, бірақ оның аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласады деп ойламағанын айтты.
– Шал, кет! дедім, Жаңаөзен халқын қолдадым. Оны мойындаймын, – деді ол сот тергеуінде.