ШАРДАРАДАҒЫ КӨНЕ СҮТКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫНДА ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Шардара ауданына қарасты Сүткент қалашығында «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығына орай тазалық жұмыстары жүргізілді. Қалашық ауданның батыс бөлігінде 2 шақырым жерде орналасқан. Осыған дейін тарихи мекенді 1900-жылы Н. В. Руднев, 1949-жылы А. Н. Бернштамдар бірлесе зерттеп, қалашық туралы алғашқы деректер жарыққа шыға бастаған. Ғалымдардың бірі А. Н. Бернштам Сүткент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу барысында, көптеген тарихи, көне бұйымдар табылған. Айта кетейік көне қалашықтан тұрмыстық-шаруашылық мақсатында арнайы тұрғызылған құрылым анықталған және ішкі бөлігінен бірнеше керамикалық бұйымдар бүтін, сынық күйінде табылған.
Бүгінде қалашық тұрғындары тазалық жұмыстарына белсене кіріскен. Атап айтсақ қала маңын қоқыстан тазарту, шөп шабу, гүлдендіру жұмыстары орындалған.
Тарихи қалашық туралы X-XV ғасырлардағы жазба деректермен мәліметтер де жоқ емес. X ғасырдағы ибн-Хаукаль жазбаларында Сүткентте мешіт болып, онда түркі тайпалары жиналатындығы жазылған. X ғасырдағы тағы бір белгісіз автор «Худуд ал-алам» жазбасында Сүткентті мекендейтін халықтың молшылықта өмір сүріп, өзен жағасында қоныс тепкендігі тарих бетінде қашаулы.
Тарихи деректерге сүйенсек, осыған дейін қалашықты мекендеген халықтың ержүрек болғандығы айтылып, қалашық оңтүстік, шығыс, батыс және солтүстік-батыстан шеңберленген шекарамен бөлінген. Бүгінде қалашық маңынан кездесетін 30-дан астам мұнаралардың орындары бар. Көне мекеннің шығыс бөлігінде су сақтауға арналған арнайы қойма болған. Жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықтың цитадель бөлігі мен қорғаныс мақсатындағы мұнаралар жан-жақты, толыққанды зерттелген. Сонымен қатар Сүткент қалашығы Түркістан облысындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген.
Аталған тарихи нысанға зерттеу жұмыстары әлі де жеткіліксіз, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, тарих қойнауына тығылған ғажап дүниелердің анықталатыны сөзсіз. Ал қазіргі Шардара ауданы Сүткент ауылдық округінде орналасқан «Төлеген Тәжібаев» атындағы жалпы орта мектеп музейіндегі көптеген құнды жәдігерлер аталған тарихи нысаннан кездейсоқ табылған. Сондай-ақ Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі қоры мен тұрақты экспозициясындағы көне Сүткент жәдігерлері 2006 жылдан бастап жинақтала бастаған.