ШАРДАРАДА ЖҮГЕРІДЕН 26 ТҮРЛІ ӨНІМ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Шардара ауданында жүгеріден 26 түрлі өнім шығаратын зауыт салынып жатыр. Қазіргі таңда өндіріс орнының бір бөлігі іске қосылып, 8 түрлі өнім шығарып отыр. Толығымен іскен қосылған кезде ауданның 500-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Айта кетерлігі, жүгері өңдеу зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейді. Жобаның жалпы құны – 31 млрд теңге.
Зауытқа қажетті жүгері дақылдары жергілікті жеке шаруа қожалықтарынан алынатын болады. Осыған дейін мақта, бидай егіп келген диқандар биылдан бастап жүгері егіп, өнімін осында өткізуді көздеп отыр. Ірі өндіріс орнының құрылысы екі кезеңнен тұрады. 2023 жылы жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталған. Ал 2024 жылы жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттамақ.