ШАРДАРА: СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНІҢ ЖАҒАЛАУЫНДА ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

0
33

Өңірдегі барлық аудан, қалаларда «Таза өлке» апталығы өтуде. Атап өтсек, Сайрам ауданында тазалық жұмыстары қарқынды. Жалпы саны 500-ге жуық адамның қатысуымен өткен тазалық акциясында Арыс өзенінің бойы ретсіз күл-қоқыстан тазартылып, 3 шақырым арық-атыз тазартылды. Сондай-ақ санитарлық тазалық пен көріктендіру бойынша көше бойлары тазаланып, скверлер аумағында ағаштар әктелініп, шөп ору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың қызу қолдауымен қарқынды өткен тазалық акциясында жалпы саны 1500 түп ағаш көшеттері отырғызылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында шардаралықтар Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан “Тың игерушілер” саябағында сенбілік өткізді. Тазалық шарасына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудан ақсақалдары, ауыл билері, қоғам белсенділері, жастар, мешіт жамағаты және тағы да басқа ұйымдарды қосқанда 100-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ, аудан өнерпаздары ән айтып, тазалық шарасына қатысушылардың көңілін көтерді.

Шардара қаласындағы суқойма жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, еріктілер мен белсенділер, түрлі мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары атсалысты. Жалпы тазалық жұмысына 100-ге жуық адам қатысты. Бүгінгі тазалық акциясында су жағалауы ғана емес, сонымен қатар арнайы мамандар су түбіндегі қоқыстарды да тазалады. Акция аясында 2 500 түп ағаш отырғызылып, 17 елді мекеннен 175 тонна күл-қоқыс шығарылды. Оған 14 техника мен 900-ден астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, жер қопсыту, ағаш әктеу, көше жиектерін сырлау жұмыстары жүрді.

Leave a reply