Среда, 5 марта

ШЕЖІРЕ ҚҰРАСТЫРҒАН ҚОЛӨНЕРШІ

0
7
Әңгімені бүкіл елімізге мәшһүр болған қолөнерші Тасболат Сүйінбаевтың Саттар Ерубаев музейіндегі қолөнер бұйымдарынан бастағымыз келіп отыр. Олар: ағаштан абстракциялық пошымда жасалған барыс, түйе мүсіндері және «Жетімдер руының шежіресі» атты кітап. Ол заттар Тасболат ұстаның қолөнер туындыларының ішіндегі, теңізге тамған тамшыдай бір бөлшегі ғана. Тасболат ұстаның көзін көрген, қамқор сөзін естіген қазақ ретінде, біздің бір байқағанымыз — ол кісінің өте қарапайымдылығы болды. Ұстамен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуіміздің өзіндік себебі бар-тын. Өйткені өмірдің бір белестерінде, қолөнермен біз де біраз айналысып көрген едік. Сол кезде Тасболат ағаның ұсталық, жалпы өмір, тіршілік турасындағы толып жатқан кеңестерін естідік. Ол кезде жас едік. Сонда да бізді баласынбай, қолөнер жайындағы бар білгенін ортаға салып, әрбір бұйымның жасалу жолдарын түсіндіріп, ақ пейілімен ақтарыла айтқан әңгімелері әлі есімізде. Ер шабу немесе ер жасау, жан-жақты шеберлікті керек ететін өнер. Ол ағаш ұсталығымен қатар, темір ұсталығын, зергерлік өнер мен үйшілік, тігіншілік, өрімшілік, тері илеп өңдеу өнерлерін қатар меңгерген әмбебап шебер болуы шарт. Т.Сүйінбаев осындай әмбебап ұста болатын. Біз мұны Тасболат ұстамен әр жолыққанымызда, көркем дүниелерін көзімізбен көріп, қолмен ұстағандықтан айтып отырмыз. Тіпті бір жолыққанымызда: «Інім, сен бір күні уақыт тауып, маған кел. Мен саған ер шабу, тері илеу, қайың қабығымен тоздау секілді, толып жатқан істердің әдіс-тәсілдері мен қыр-сырын үйретейін. Сенің кішігірім қолөнер жұмыстарыңды көріп жүрмін. Соған қарағанда, ер шабу сенің қолыңнан келеді!» — деген еді. Жалпы, ұсталықта өз білгенін немесе қолөнердің құпия-қалтарыстарын өзгеге аша бермейтін бір қызық құбылыс бар. Керек десеңіз, сұрасаң да айтпайтындар болады. Бұл тұрғыдан келгенде, Тасболат ұстаның ұстанымы — ұлылыққа тән ұлағат деуге болар. «Шежіре» деген сөздің төркіні арабтың «шыжре» — бұтақ, тармақ деген мағына білдіретін атау сөзден шыққан. Шежіре – бір ұлттың шығу тегі мен аталық нәсілінің тармақтап ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағын көлемінде туып, дамыған «ата тек», нәсіл шежіресі ретінде болда да, шешен, шежіреші, билер ауызша таратты. Бұл шежірешілер бір атадан тараған ұрпақтардың, туыс-қандастық ретінде айтылып, соңғы ұрпаққа өсиет, мұра, ақыл, нақыл, шешен тіл арқылы жетіп отырды. Сондықтан қазақ ұрпағына рулық шежіре білуді өсиет, міндет деп үйретіп «жеті» атасын білмеген, жетесіздік белгісі», кейде «жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деп айтуда. Оның себебі: 1. жеті атасының кім екенін үйрететін атасы болмады ғой; 2. атасы үйретсе де жетесіз, тексіз намыссыз, зейін-зердесіз балада ақыл ойсыздығыннан үйренбейді; 3. Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспайды; 4. Бір әкеден туған жеті туысты әкесі, баласы, немересі, шөбересі, шөпшегі, неменесі, жұрағат деп атаудан «шежіре» басталады; 5. жеті саны қазақтың наным-сенім, салтына да қатысты жағы бар киелі тотемдік ұғым. Шежіре түрлері. Шежіре ру шежіресі, тайпа шежіресі, ұлыс шежіресі, ұлт шежіресі, хандар шежіресі, мемлекет шежіресі қатары түрлері болады. Қазақ шежірелерінің жанры бойынша: 1. Өлең сөз (поэзия), 2. жайынсөз (проза), 3. Өрнек (кесте) шежіре, 4. жағрапиялық (жер, су, тау, тас) шежіре, 5. айтыс (ақындық) шежіре қатары жанрларға бөлінеді. Шежіре тарихтың бір бөлімі болғанмен, шежірені тарих орнына қоюға болмайды. Сонымен бірге шежіреде ұлтымыздың тарихи, этнографиялық, фольклорлық, тіл біліміндік мол мәлімет бар. Егер шежіреге немқұрайлы қаралса, осы мәліметтен сыр, тарихымыздың мәнді бір қайнар көзінен айырылып қаламыз. Шежіре деген атау Арабтың «Шаджарат» атты сөзінен келіп шыққан. Мұның мағынасы «бұтақ», «тармақ», «ататек» деген ұғымды білдіреді. Шежіре – халықтың шығу тегін, қоныстанып таралуын, өсіп-өрбуін, елеулі оқиғалары мен жылнамаларын, хан, сұлтан, билерін, ақын-жырау, батырларын, таңба, ұрандарын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптарын, даму кезеңдерін баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы болып табылады деген анықтама жиі айтылып келеді.Шежіре – құпиясы ашылмаған тарихтың шикізат материалы. Дүниедегі дамыған елдерде кезінде қолжазба шежіре кітаптар сақталып, ал кейін келе зерттеліп, көп томдық жинақ болып баспадан шыққан.Шежіре мен тарихтың қайнар бұлағы – халық. Халықсыз шежіре де, тарих та болған емес. Жер жаралып, су аққаннан бері күллі адамзат баласының шежіресі ауызша айтылып, сауатты адамдар жағынан хатқа түсіріліп отырған. Әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов ағамыздың «Иә, естеріңізде болғай, нағыз шынайы тарих келмеске кеткен, бүгінгі тарих деп жүргеніміз зерттемендердің сол туралы деректер негізіндегі (бұл да шым-шытырық) әр алуан тұспалдары, пайымдаулары, баяндаулары, талдаулары» деген көзқарасы бізге үлкен ой салады. Шежіре қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген асыл қазынасы, ұлттанудың ұлағатты оқулығы, әлем халықтарында сирек кездесетін құнды мұра. Түркі халықтарының ішінде шежіре құмар ұлттардың бірі – қазақ халқы. Ата-бабасынан тартып сайын сахарада тұлпар мініп, ат құлағында ойнап өскен, батыр да ержүрек қазақ ұрпақтары жар құлағы жастыққа тимей елін, жерін қорғап келген жауынгер халық. Ұлан-ғайыр сахарадағы қара ормандай кең жайылған халықтың әрбір отбасы өз шежіресін немесе жеті атасын анық біліп, отбасында дәптерде жазылған ататек шежірелері бар болған, осы жазғандарын теңдердің арасына тығып, сандықтардың терең түкпірінде сақтап, өз руының шежіре жазушыларына аталар аманаты ретінде тапсырып отырған. Шежіре – ұлан-ғайыр дала мәдениетінің бір бөлшегі, дәстүрлі ата-жөн тану ғылымы, көнеден қалған асыл мұра, нақтылап айтқанда, дала, қала сынды қос мәдениет бойына сіңген халқымыздың ата тарихы, сахарада тірлік кешірген ұлтымызды ата-тегін, аты-жөнін, жеті атасын білуге тәрбиелеудің алтын бесігі, сахара халқының ғылыми құны күшті тамаша оқулығы. Сол себепті халқымыз «Жеті атасын білмеген жетесіздіктің белгісі», «Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді билейді» деген ұлағатты ұғымдар арқылы ұлттану туралы өнегелі тәрбие жүргізіп отырған. Сонымен қатар, сол кездескенімізде, сөзіміз қолөнер тақырыбынан шығып кетіп, ол кісі үй салу төңірегінде де, біршама көшелі кеңестер айтқан. «Үй салғанда, даладай қылып, «әңкитудің» еш қажеті жоқ, інім. Немістер ақылды халық қой, солар секілді шағын ғана, екі қабат қылып, құстың ұясындай үйлестіріп салсаң, қыста жылыту да оңай болады. Ер шабудың әдістерін үйренуге келгеніңде, оның да сызбасын сызып беремін, құдай қаласа» — деген-тін. Біз мұның бәрін тәптіштеп не үшін айтып отырмыз?!! Үйдің сызбасын сызу дегеніңіз – архитектуралық жұмыс. Қолөнер секілді, бұл да дәлдікті, шеберлікті, биік талғамды және білім мен білікті қажет етеді. Мұны «бір» деп қойыңыз. Екіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, сөз — тағы да сол, ағалық жанашырлық, қазақы қарапайымдылыққа келіп тіреледі. Ал енді, «білім мен білік» тұрғысынан келгенде, Тасболат ұстаның «Жетімдер руының шежіресі» кітабы туралы айтып өткеніміз абзал. Әлгі айтқан кездесуімізде Тасболат аға аталған кітап хақында да біраз ойларын ортаға салған болатын. Сонда білгеніміз, Тасболат ұста қолөнерші ғана емес, жан-жақты білімдар, қазақ десе, қазақтың ұлттық өнері десе, етінен ет кесіп беруге даяр, дара тұлға екендігі. «Талантты адам жан-жақты келеді» демекші, Тасболат ұстаның өзі — үлкен бір мектеп екендігіне көзіміз жетті. Шын өнер, таза дүние — адамгершілігі Алатаудай, қарапайымдылығы Қаратаудай, осындай біртуар қазақтардан туса керек-ті. Сөз соңында айтарымыз, ер шабу құпиясын үйренуге «әні барамын, міне барамын» деп, қу тірліктің илеуімен итіңдеп жүргенімізде, Тасболат аға өмірден озып кетті. Осының өкішіні қалды өзімізде. Әрине, Тасболат ұстаның артында, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық мол мұрасы қалды. Ұстаның қолөнершілік кәсібін жалғастырып, көпшілікке көрсетіп, насихаттап келе жатқан ұрпағы бар. «Атадан ұл туса игі, атаның жолын қуса игі» деп атам қазақ айтпақшы, ұлдары да шетінен қолөнерші ұсталар. Ал қолөнер – білім мен білікті, төзім мен еңбекті қажет ететін; ұлттық құндылықтарымыз бірі. Ұлттық құндылық барда – ұлт бар. Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ, С.Ерубаев атындағы музейдің қызметкері.

Leave a reply