Шымкенттегі жол құрылысының сапасы қатаң бақылауда
Шаһарда жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту бағытында Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов алдағы жоба-жоспарлардың негізгілеріне тоқталды.
– Жоба-жоспарларға тоқталсақ, оның біріншісі, Д.Қонаев –Т.Рысқұлов қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяқталған соң, бәлкім осы жылдың соңына қарай Бәйдібек би мен Ұ.Арғынбеков көшелерінің қиылысында екінші жолайрықтың құрылысы басталады. Бірақ, бұл жерде жол толық жабылмайды, тек бір жағын ғана жауып істеу көзделіп отыр.
Екіншісі, Қ.Қазиев көшесінің жалғасы салынады. Қазір бұл көше Ұ.Арғынбеков көшесінің тұсынан аяқталады. Енді жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, оны Қ.Төлеметов көшесіне дейін ұзарту көзделген. Үшінші жоба Т.Өтегенов көшесіне қатысты. Бұл да кең, магистралды жол болғанымен, Қ.Төлеметов көшесіне барып аяқталып қалады. Жобаға сәйкес оның жалғасын салып, Ақжайық шағын ауданының ортасымен кесіп, Асар шағын ауданына дейін жеткізу көзделген. Сонда Т.Рысқұлов көшесінен бастап Т.Өтегенов көшесімен жүріп отырып, Асарға жетіп, одан әрі кең жолдармен А-2 тас жолына дейін төтелеп шығып кетуге мүмкіндік туады, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ Е. Жолдасов жол құрылысының сапасына баса назар аударылып отырғанын атап өтті.
– Жоғарыдағы жұмыстың бәрі де қалада кептелістің азаюы үшін, қала тұрғындарының өмірі қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін атқарылып жатқан игілікті істер. Жол құрылысында ең басты мәселе сапа екені белгілі. Бүгінде қалада жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бақылауында. Бұл жол сапасына тәуелсіз сараптама жүргізетін бірегей құрылым. Шымкент қаласының әкімдігі осы орталықпен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделілік танытып, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөліп, сапаны барынша қатаң қадағалап келеді, – деді басқарма басшысы.