Шымкенттен «Мерейлі отбасы» байқауына 110 отбасы өтініш білдірген
Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жалғасуда. Аталған байқауға үшінші мегаполистен жүз он отбасы өтініш білдірген. Биылғы сайыстың бір ерекшелігі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері де қатысып жатыр.
Қазіргі таңда ауданаралық іріктеу өтуде. Отбасылық байқаудың үздіктері қалалық, одан кейін республикалық кезеңінде бақ сынасады. Жауаптылар биыл конкурсқа өтінім білдіргендер қарасы қалың, дейді. Бір ғана Қаратау ауданының өзінен отыз беске жуық жанұя байқауда бақ сынасуға бекінген. бүгінде олардың ұсыныстары комиссия шешімімен сараланып жатыр.
Конкурс отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру және қоғамдағы отбасының мәртебесін арттыруға бағытталған. Аталған конкурсқа қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктері бар отбасыларының мүшелері жіберілді. Конкурсты өткізу қағидаларымен Шымкент қаласы әкімдігінің www.gov.kz сайтынан танысуға болады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттар (өтінім, конкурстық материалдар) 2021 жылғы он бес мамырдан он бес маусымға дейін қабылданды.
Айта кетейік, былтыр пандемияға байланысты дәстүрлі шара ұйымдастырылмаған еді.