Шымкентте жас шеберлер байқауы өтті
«Бейнелеу өнері» мұражайында «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының қалалық байқауы өтті. Байқауға Шымкент қаласының 11-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты.
Қатысушылардың жұмыстары көрмеге 7 бағыт бойынша қойылды: тоқыма бұйымдарын дайындау, ағашты көркемдеп өңдеу, мүсін жасау, металды көркемдеп өңдеу, ұлттық киімдердің үлгісін жасау, қағаздан бұйымдар жасау, шыныны көркемдеп өңдеу.
Көне дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтау – біздің басты міндетіміз. Жобаның басты мақсаты ұлттық өнерді жас буынға насихаттау, санасын жаңғырту болатын. Мектеп оқушыларын шеберлікке тәрбиелеп, қолөнерді дамыту, көрермендерді жас шеберлердің жұмысымен таныстыру, қолдау көрсету басты мақсат еді.
Байқауға 613-тен астам жұмыс келіп түскен. Қазылар алқасы қатысушыларды дипломдармен марапаттап, жетекшілеріне алғысын білдірді. Солардың ішінен жұмыстары ерекше көзге түсіп, оза шапқандары да болды. Олар: №47 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Ахметова, №90 мектеп оқшысы А.Айтбаева, Балалар көркем сурет мектебінің оқушысы З.Тәшенов, №71 мектеп оқушысы Х.Анарметова, №99 мектеп-гимназиясының оқушысы Қ.Ерғазы және №85 мектептің оқушысы М.Айтболатова.