Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы таксилер қызмет көрсетеді
Бүгінде Шымкентте жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыруда тиісті шаралар атқарылып жатыр. Мүгедектігі бар азаматтардың белсенді өмір сүру салтын қалыптастыру мақсатында инватакси, әлеуметтік такси қызметтері ұйымдастырылған.
Инватакси қызметіне қоларбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі азаматтар жүгіне алады. Бекітілген 18 автокөлік арнайы жылжымалы құрылғымен және кресло-арбаларды орнатуға арналған құралдармен жабдықталған. Арнайы көліктермен азаматтар жұмыс орнына, оқу орнына, құқық қорғау органдарына, әлеуметтік, медициналық мекемелерге қатынай алады.
Онымен қоса, бұл көліктермен мүгедектер әуежайларға, темір жол вокзалдары мен автовокзалдарға да бара алады. Былтыр 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтан жиырма сегіз мыңға жуық өтінімге тапсырыс беріліп, қызмет көрсетілді. Қазіргі таңда 300 мүмкіндігі шектеулі азаматтан өтініш қабылданды.
Ал әлеуметтік такси қызметіне жүріп-тұруы қиын бірінші, екінші топ мүгедектері мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады. Былтырдан бері оларға 43 көлік қызмет көрсетуде. Алдыңғы жылы 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтан 125 137 өтінімге тапсырыс берілген. Бұл жылы 332 мүмкіндігі шектеулі азамат басқармаға осы қызметті алу үшін өтініш берген.