Шымкентте тұрғындардың өтініштері ескерусіз қалмады

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының аудандық филиалдары азаматтардың мұң-мұқтажына дер кезінде назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іспен дәлелдеуде. Соңғы аптада бірқатар өзекті мәселе партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде көтеріліп, тұрғындардың өтініштері бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Мәселен, Абай ауданындағы Қызылжар шағын ауданы тұрғындары Шұбартау тұйығы көшесінің бойындағы ағын су жүйесінің ластануына қатысты алаңдаушылық білдіріп, «AMANAT» партиясының Абай аудандық филиалына жүгінген болатын. Партия филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы мәселені назарға алып, аудан әкімдігіне жедел хабар берді. Нәтижесінде, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері аталған учаскеде тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағын су арнасы ретке келтірілді. Тұрғындардың өтініші толық орындалды.
Сол сияқты Қаратау ауданында да азаматтардың өтінішіне дер кезінде жауап берілді. Нұрсат шағын ауданының тұрғыны №22 үйдің шатыры қыста су өткізіп, қолайсыздық тудыратынын айтып, арнайы қара қағаз төселуін сұраған. Бұл мәселе Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы мен «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлының бақылауына алынып, тиісті шешім қабылданды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр астына арнайы оқшаулағыш материал төселді.
Азаматтардың өтініштерінің назардан тыс қалмауы – партия мен жергілікті атқарушы органдардың өзара тиімді әрекеттестігі мен тұрғындарға деген жауапкершілігінің нақты көрінісі. Бұл жұмыстар «AMANAT» партиясының халық пен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі рөлін айқындай түседі.
Бұдан былай да осындай қоғамдық қабылдаулар мен азаматтық белсенділік арқылы халықтың пікірін ескеріп, нақты нәтижеге қол жеткізу – басты басымдық болмақ.