ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ӘЛДЕҚАЙДА ЖАҚСАРАДЫ

0
102

Алдағы жылдары Шымкент қаласындағы экологиялық ахуал жақсара түсетін болады. Бұл бағытта мегополисте атқарылып жатқан жұмыс көп. Соның бірін бүгін ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мұхтар Тілдәбекұлы Ерман аралап көрді. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына еніп, Қаратау ауданының Мирас шағын ауданында салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы бүгінгі күні 30 пайызға жақын орындалды.

Жалпы бұл жобаға 1 миллиард 401 миллионнан аса теңге қарастырылған. Сонда Мирас пен Шапағат-2 шағынауданындағы 1 860 үйде тұратын 12 мыңдай тұрғынға мегополисте тұратындай жағдай жасалады деген сөз. Осы уақытқа дейін мұнда кәріз жүйесі тіптен болмаған. Тұрғындар шайынды суын септикке жинап, арнайы көлікпен, асенизатормен, сыртқа шығаратын. Көбінің әжетханасы сыртта. Мұндағы мектеп пен бала бақша секілді мекемелерлердегі жағдай да шамамен осындай. Келесі жылдан бастап жағдай жақсы жағына қарай өзгереді.

Мәжіліс депутаты «Ынтымақ бес -арыс» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс барысымен танысты. Жылдың жер құры болатын кезін мейлінше тиімді пайдаланып, жұмыс істеп жатқан мердігер компания тұрғындармен тіл табысып, солар үшін ыңғайлы жағдайды ойластыра отырып істі ұйымдастырыпты. Нысан келесі жылға өтпелі. Биылға бөлінген сома – 418 миллион теңге.

Мирас шағынауданындағы кәріз жүйесі пайдалануға берілсе – біріншіден тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай жасалады. Екіншіден, экологиялық ахуал әлдеқайда жақсарады.

Leave a reply