Шымкентте әлеуметтік дүкендер саны артады

0
140
Қалада азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары аясында 11 шағын ауданы, Елшібек батыр көшесі №116 мекенжайында «Әлеуметтік дүкен» ашылған болатын.
Әлеуметтік дүкеннің өзге азық-түлік дүкендерден ерекшелігі – халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік өнімдерін төмен әрі белгіленген бағада сатуы.
Мемлекет басшысының агроөнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» жобасы аясында қалада мұндай дүкендерді көптеп ашу жоспарланып отыр. Осы мақсатта қаладағы мал бордақылаумен айналысатын «Қасқасу-С» шаруақожалығына айналымға 200 млн. теңге қарыз қаражат беріліп, келісімшарт түзілген. Келісімшарт негізінде шаруақожалық жоспарға сәйкес қаламыздың халқы тығыз орналасқан аймақтарда шілде және тамыз айларында 2 әлеуметтік дүкен ашуды жоспарлап отыр. Онда көкөніс, ет өнімдері және өзге де азық-түлік сатылатын болады.
Бұдан бөлек, шаруақожалық осы жылдың тамыз айында 4 жылжымалы ет өнімдерін сататын сауда тіркемелерін іске қосуды да жоспарлап отырған жайы бар. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбеков шілде айында ашылуы жоспарланып отырған 18 шағын ауданындағы «Әлеуметтік дүкенге» барып, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Айта кетейік, әлеуметтік дүкеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Қазіргі таңда дүкенге қажетті сөрелер, жабдықтарды орнықтыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта «Әлеуметтік дүкендер» ашылған жағдайда тұрғындар сапалы әрі арзандатылған бағада азық-түлік өнімдерін сатып ала алатын болады.

Leave a reply