Шымкентте 153 шақырымды құрайтын көшелерге шағалтас төселуде

0
137

Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мәлім етті.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалалардың шетінде орналасқан елді мекендерді дамытуға баса назар аудару жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай биылдан бастап ішкі орам жолдары мен шалғай елді мекендердің көшелеріне басымдық беріп отырмыз. Құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары сол жерлерде көптеп жүргізілуде, – деді Е. Жолдасов.

Басқарма басшысы бүгінгі таңда атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі – шағалтас төсеу екенін атап өтті.

– Қазір жалпы ұзындығы 153 шақырымды құрайтын көшеге шағалтас төселуде. Оның басым көпшілігі Қаратау ауданының еншісінде. Себебі, осы ауданда жаңадан қалыптасып келе жатқан елді мекендер мен шағынаудандар көп. Алайда мұның өзі аздық етіп отыр. Тұрғындардан «көшемізге тас төсеп берсеңіздер» деген өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай біз құжаттарын әзірлеп, қосымша қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолдадық. Жақында қалалық мәслихаттың сессиясында ол мақұлданып, қосымша қаржы бөлінді. Осылайша биыл топырақ жолдардың мәселесі біршама шешімін таппақ, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, биыл Шымкентте барлығы 128 нысанда жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның жалпы ұзындығы – 253 шақырым. Оның ішінде жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын 12 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілсе, қайта құру жұмыстары 8 шақырымдық 3 жолда жүргізілуде.

Leave a reply