Шымкентте 300 мыңнан астам тұрғын төлем картасын пайдаланып отыр
Жыл аяғына дейін Шымкент қаласында 590 газбен жұмыс істейтін автобус жолаушы тасымалдайтын болады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
– Былтыр 590 автбоус сатып алынған. Оның 300-і қазір жүйеге түсті. 290-ы жылдың аяғына дейін қолданысқа шығады. Оның бәрі – газбен жүретін қоғамдық көлік. Ішінде ауа баптағышы бар, мүгедектерге қолайлы. Неге 290 көлікті кешігіп енгіземіз? Себебі қалада қоғамдық көлікке газ құятын стансаның құрылысы енді аяқталды. Екіншісін ұлғайту жұмыстары енді ғана басталды. Жыл аяғына дейін бітуі керек. Сол кезде ғана қалған автобусты жолға шығаруға болады, – деді қала әкімі.
Мұрат Әйтенов қала тұрғындары қоғамдық көлік ақысын электронды жолмен төлеуге жылдам бой үйреткенін айтты.
– Қоғамдық көлік ыңғайлы болуы үшін былтыр қазанда электрондық төлем енгіздік. Соның арқасында қазір 80 пайызы электронды төлем арқылы қатынап жүр. 300 мыңнан астам тұрғын төлем картасын пайдаланып отыр. Оған қосымша арнайы бағдарлама енгіздік. Қай көлік қай жерде жүргенін көрсетіп отырады. Ол үшін телефонға тиісті қосымшаны жүктесе болды. Сол арқылы тұрғындар автобустың нақты уақытын көріп, жоспарын тиімді құра алады. Қазір қосымша ыңғайлы болу үшін аялдамалардың атын тұрғындардың дауыс беруі арқылы анықтап жатырмыз. Техникалық мәселелері шешілгеннен кейін оны да енгіземіз. Жайлап-жайлап қаламыздағы қоғамдық көліктің 80 пайызы жаңа, заманауи, үлкен автобустармен алмастырылады, – деді әкім.