ШЫМКЕНТТІК 30 МҰҒАЛІМ КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІ ПӘНІ БОЙЫНША ОҚЫТУ КУРСТАРЫНАН ӨТЕДІ
Шымкентте «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша оқыту курсы басталды. Педагогтар алған білімдерін осы пән оқытылатын 26 мектептің оқушыларына беретін болады.
«Оқыту 7-23 шілде және 11-27 тамыз аралығында екі ағым бойынша 15 педагогтан өтеді. Онлайн режимде «Атамекен» ҚР ҰКП жоғары білікті және тәжірибелі бизнес-тренерлері сабақ береді. Екі аптаға созылатын курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар сертификаттар алады, сондай-ақ 10-11 сынып оқушыларына арналған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінің оқу бағдарламасының ұсынылған материалдарын практикада қолдануды үйренеді. «Атамекен» ҚР ҰКП жобалық тобының қызметкерлері ағымдағы жылдың соңына дейін мұғалімдерді ақпараттық-әдістемелік сүйемелдейтін болады» – дейді адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ақниет Абдіқадірова.
Оның айтуынша, оқытылған педагогтар оқушылардың бойында бизнес-ойлауды, кәсіпкерлік қызмет негіздерін, геймификацияны оқытудың интерактивті әдістерін, ситуациялық талдауды, бизнес-кейстерді және жобалық оқытуды қолдана отырып, бизнес жүргізу дағдыларын қалыптастыру бойынша жұмысты іс жүзінде жүзеге асыра алады. Бұдан бөлек, atameken.co онлайн-платформасы арқылы қосымша білімді мұғалімдер де, оқушылар да ала алады.
Жалпы, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша педагог кадрларды қайта даярлаудың білім беру бағдарламасы еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 1 500 педагогына есептелген. Курстардың ұзақтығы-108 академиялық сағат (100 сағат – оқу, 8 сағат – сүйемелдеу).
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы бұл пән пилоттық режимде республиканың 17 мектебінде оқытылды. Сол жылы Шымкент қаласында Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында жүргізілді. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталған пән Қазақстанның барлық мектептерінде 10-11 сынып оқушылары үшін енгізілді. Бұл элективті курсты Білім және ғылым министрлігі бекітті, ал оны құрудың бастамашысы «Атамекен» ҚР ҰКП болды.
2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Шымкент қаласы бойынша 116 мектеп, 122 оқытушы және 5 мыңнан астам оқушы оқытумен қамтылды.