Шымкенттің сапалы кілемдері брендке айналуда
Ел экономикасынның өркендеуіне шымкенттік кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Солардың бірі – «Bal Tekstil» кілем зауыты.
Мұнда отандық кілемнің 2000-нан астам түрі шығарылады. Бағасы да қолжетімді, әрі сұранысқа. Аталған фабрика Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде республикадағы ірі кілем зауытына айналған.
Өндірістік қуаты жылына 6 млн. шаршы метр кілем тоқуға қауқарлы фабрика 2013 жылы алғашқы өнімін шығарды.
Бүгінде өндірісте 360-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Компания болашақта бүкіл әлемде кiлемдердiң және кiлем бұйымдарының көшбасшы өндiрушiсі болуды мақсат етуде.
Айта кетейік, мұндағы қызметкерлердің дені кілем тоқудың қыр-сырын жетік білу үшін арнайы Түркия мемлекетіне барып білім алған. Өзге елден алған тәжірибесін өз кәдесіне жаратып, бүгінде білікті маман атанып отыр.
Қазіргі таңда «Бал текстиль» зауыты соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Мұндағы алып құралдар кілем тоқып, жіп иіріп, қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуде. Бүгінде «Бал Текстиль» кілем өндіру фабрикасының экспорттық географиясы жылдан жылға артып келеді. Қазіргі таңда Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Франция және Шведтің ең үлкен сауда желісі «IKEA» арқылы Ұлыбритания мен Германия мемлекеттеріне де «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортталуда.