Шымкенттің тәтті шоколадтары шетелге экспортталуда
Қарыштап дамып келе жатқан ел экономикасынның өркендеуіне шымкенттік кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Солардың бірі – «НҰРТАУ» ЖШС компаниясы. Мұнда сағыз бен тәтті шоколадтар өндіреді.
«Тассай» индустриялды аймағында орналасқан кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 400 мың тонна. Құрылғанына небәрі 1 жыл болса да компания аз уақыттың ішінде отандық өнім өндірушілердің көшін бастап тұр. Аталған кәсіпорында бұған дейін тәтті шоколадтар мен сағыз өндірсе, енді қатарға науат өнімі де қосылды. Бұл шымкенттіктер үшін жаңалық болғалы тұр. Өйткені, күнделікті тұтынатын тауарларды қолжетімді бағада өзімізден-ақ сатып алуға болады.
Бүгінде кәсіпорыннан шыққан өнімдерге сұраныс жоғары. Әсіресе, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Әзербайжан елдері басты тұтынушы болып отыр. Алдағы уақытта «Nurtau distribution» зауыты тауардың көлемін арттырып, өзге де мемлекеттерге экспорттауды жоспарлауда. Өндіріс ошағы заманауи техникалармен жабдықтылған. Мұндағы құрылғылардың басым бөлігі арнайы тапсырыспен Түркия мен Қытайдан әкелінген.
Аталған кәсіпорында 200 ден аса адам жұмыспен қамтылған. Жоғары жалақы мен тиянақты жұмыс қызметкерлердің көңілінен шығады. Зауыттағы мамандар осындай жұмыспен қамтып отырған зауыт басшысына дән риза. Компания жұмысы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта аумағы 15 000 мың шаршы метрді қамтитын өндіріс орнын қосуды жоспарлап отыр.