Шымкент: «Назар Текстиль» фабрикасының өнімдеріне сұраныс жоғары

0
180

Шымкенттегі «Назар Текстиль» өндіріс орнының ауқымы күннен күнге артып келеді. Кілем тоқу фабрикасында қазір тоғыз жүйе тоқтаусыз жұмыс істейді.

Бүгінде өнеркәсіп орнында кілемнің жүзден астам түрі бар. Бәсекеге қабілетті тоқыма зауыты тоқтаусыз жұмыс істеуінің арқасында мұнда кілем өндірісі қарқынды дамып келеді. Отандық өнімге деген сұраныста арта түсуде. Айтып өтейік, фабрика өнімдері сапасы жағынан әлем таныған алпауыттардың тауарынан кем емес. Өндіріс орнының кілемдері өзімізден бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстанға экспортталады. Алдағы уақытта Ресей нарығына жол тартпақшы.

«Назар Текстиль» зауытының өндіріс басшысы Келісбек Болаттың айтуынша, мұнда қызметкерлерге барлық жағдай жасалған.
«Назар Текстиль» ұжымында айлық жалақыға сыйақы, жұмыс сапасы мен белсенділігіне қарай үстеме ақы да қосылады. Таңертең және кешкі уақытта жұмысшыларды тасымалдау үшін транспорт мәселесі қаралған. Түскі ас тегін. Тынығу бөлмесі бар.

Мұндағы техникалардың барлығы арнайы Бельгиядан алынған. 3 ауысыммен жұмыс істейтін мекеме ай сайын 100 мың шаршы метр шамасында кілем тоқып шығарады. «Назар Текстиль» тәжірибе алмасу ісін ұйымдастыруда да алдыңғы қатарда. Шетелдік фабрика жұмысын толық меңгерген маманды Қазақстанға алдыртып, жұмысшыларға техниканың басында жүріп үйрететін көрінеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Назар Текстиль» фабрикасының кілемдерін сату желісі Қазақстанның барлық облысында орналасқан. Сондай-ақ, көтерме бағамен алып-сатушылар да бар. Екі жылдан бері кілемнің сапасына сын айтушылар болмаған. Өйткені, сапасы сын көтереді, бағасы да қолжетімді.

Leave a reply