ШЫМКЕНТ: СОТ ІСІН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

0
112

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылға арнаған Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» деген болатын.
Осы орайда, Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің кеңсе меңгерушісі Әкежан Елшібаев пен Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің қатысуымен Шымкент қалалық соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің 2021 жылдың 6 айында атқарған жұмыстары бойынша брифинг өтті.
Шымкент қаласында құқық қорғау, оның ішінде сот саласында цифрландыру жүйесі оңтайланып келеді. Қаламыздағы жергілікті соттарда өтіп жатқан барлық сот отырыстары аудиобейнежазбаға жазылып, серверлерге сақталады. Бұл өз кезегінде ашықтықты да қамтамасыз етіп отыр. Осындай аудиобейнежазбамен 52 сот залы жабдықталған. Жыл соңына дейін қосымша 13 сот залымен толықтырылып, 65-ке жетеді. Цифрландырудың артықшылығына сотқа келушілердің карантин кезінде көздері жетті. Пандемияға дейін қала соттарында күніне оншақты ғана іс қашықтан жүргізілген. Былтыр елімізде төтенше жағдай режимі, одан әрі карантиндік тәртібі енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жуықтады.
Қала соттары күнделікті 240-қа жуық сот процесін «WhatsApp», «TrueConf», «Zoom», «Skype» және т.б. мобильді қосымшаларының көмегімен өткізіп отырған.
Сотқа түсетін құжаттардың да электронды түрдегі үлесі артты. Сот жүйесі цифрландыру бойынша көш басында. Бұл – ашықтыққа бастар жол. Жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында БАҚ өкілдерін қызықтырған сот процесін қашықтан бақылауы үшін карантин талаптарын сақтай отырып, сот ғимаратының ішіне кіріп, экраннан көріп отыруына жағдай жасалған. Осылайша шымкенттік сот саласы Жолдаудағы тапсырманы жүзеге асырып, реформа жасауда көп іс тындыруда.

Leave a reply