Thursday, November 21

Шымкент: Тассай елді мекені сапалы электр қуатын тұтынатын болды

0
112

Шымкент қаласы Тассай елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту мәселесі шешілді. Қаланы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Тассай елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2019 жылдың қазан айында басталып, 2020 жылдың желтоқсанында аяқталған болатын.

Қазіргі уақытта Тассай елді мекен тұрғындарының 95 пайызы сапалы электр қуатына қосылды. Бүгінгі күнге дейін олар жеке трансформатордан электр энергиясын тұтынған болатын. Абоненттеу жұмыстары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС қызметкерлері тарапынан жалғасып жатыр.

Айта кетейік Тассай елдімекенінің тұрғындары өткен жылы таза ауыз сумен де қамтамасыз етілген. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін су жүйесінің құрылысы мердігер мекеме «Үшсай» тарапынан құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, 2020 жылдың соңында аяқталған. Нәтижесінде, Тассайдағы 3 мың абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, қала әкімі «Мерекеңмен, Шымқала!» атты салтанатты іс-шара барысында 2025 жылға дейін қаладағы негізгі инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешілетінін айтқан болатын.

– Қала бюджеті 3,6 есеге өсіп, 131,2 млрд теңгеден биыл 481 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда екі есеге жуық өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетеді. 2025 жылға дейін қаладағы негізгі инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешіледі. 3 жыл бұрын 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деген еді шаһар басшысы.

Leave a reply