“Шымкент қаласының тарихы” кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін жазушы, шежіреші, профессор Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Момбек Әбдіәкімұлының төл туындысы «Шымкент қаласының тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынды Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асқар Әлихан жүргізді. Басқосуға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, жазушы Мархабат Байғұт және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысып, жарық көрген кітап туралы өз ой-пікірлерін бөлісті.
Кітап – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, тұрғындарының саны миллионға жетіп, республика көлемінде айрықша мәртебесі бар үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласының терең тарихы жайлы жазылған. Сондай-ақ, 2200 жылдық тарихы бар қаланың тың деректерімен етене таныстыра отырып, жастардың отанға, тарихқа, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жарық көрді.
Кітапты таныстыру барысында автор: «Бұл жаңа туындыда Шымкенттің әлімсақ заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына тұтастай шолу жасала келе өткен ғасырларда шаһарда іске асқан барлық қадау-қадау тарихи оқиғалар хақында молынан баяндалған. Сонымен қатар, оның бергі кезеңдердегі өсіп-өркендеуі мен даму жолы туралы толық мағлұматтың көңілі ояу жастарға, ғалымдарға, жалпы оқырманға берері мол», — деді Момбек Әбдіәкімұлы.