ШЫМКЕНТ: ҚҰРБАН АЙТҚА БАЙЛАНЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ
Бүгін Қасиетті Құрбан айт мерекесіне байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы Орталық мешітінің тарапынан карантин талаптарын сақтау бойынша брифинг өтті.
Брифингке ҚМДБ-ның Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов және Шымкент қаласы бас имамының орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Бас имамның баяндауынша, биыл барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт шілде айының 20-22-сі күндеріне тура келмек. Осы жағдайға сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсіміне қатысты бірқатар түсіндірмені ұсынады.
– Биыл құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады. Атап айтсақ, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну, – деді Б. Абдрахманов.
Карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оң шешім. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ.
– Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық. Әсіресе әлемді шарпыған жұқпалы дерттен науқастанып, шипа тілеген жандарға көмектесіп, оларға дұға етіп қойғанымыз абзал, – деді бас имам.
Айта кетерлігі, республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 17 шілде күні өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.