ШЫҒЫНЫ АЗ, ПАЙДАСЫ МОЛ КӘСІП
Қазіргі таңда кәсіптің көзін тауып, айтарлықтай пайдасы болып жатса әрі қарай дөңгелетіп, негізгі жұмысымен қатар алып жүрген еңбекқор адамдар аз емес. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Ясауи атындағы ХҚТУ-дің кәсіби фотограф иесі Нақып Шынтеміров ағамыз.
Тіршілігі қызу қайнап жатқан жоғары оқу орнының бүкіл іс-шаралары, жиналыстары, форумдары, конференциялары әлбетте Нақып ағайсыз өтпейді. Күнделікті барлық жиынның маңызды сәттерін уақытылы әрі сапалы жеткізіп отырған Нақып ағай бұл ісімен қарап қалмай, үйінде де ерекше табыс көзін жүргізіп отырғанын бірі білсе, бірі білмес.
Фотограф ағамыз асыл тұқымды занин ақ ешкі түрін өсіріп, бүгінде санын 50-ден асырып отырған еңбекқор шаруа.
«2021 жылдың қаңтар айында біз өзімізге ұнайтын кең жерден жаңа үйге қоныс тептік. Негізі жаңа жерге көшсең, жаңа өмірге мотивация пайда болып, жаңа идеялар ойға келіп, әр істі сүйсініп, ерекше құлшыныспен бастағың келіп тұратынын байқадым.
Содан балаларымызбен ойласа келе, ешкі бағуды жөн көріп, аулаға ыңғайлы кеңдеу қоралар салдық. «Есің кетсе, ешкі бақ» деген рас екен, алғаш 50 мың теңгеден алынған 2 ешкіден басталған шаруашылығымыз келесі көктемде көбейіп, кеңейе түсті. Жалпы, ешкі малы тез өседі. Расында, ешкіміз егіз-егізден, үшеуден төлдесе бола ма?! Одан сайын қызығушылығымыз артып, ешкі малын зерттеуге көштім. Бұрыннан оның сүтінің пайдасы туралы естіп өскеніміз бар. Ешкінің сүті жұғымды, тіпті ана сүтін алмастыра алады екен. Оның құрамындағы май сіңімді, әрі адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Ешкі сүтінің құрамында кальций мен фосфор минералдық заттарының мол болуы балалардың сүйектерінің қалыптасуына пайдасы зор деседі. Оны түрлі ауруларын емдеу үшін қолданады, емдік қасиеті зор. Ешкіде өзге малдағы сияқты ауру да болмайды.
Асыл тұқымды ешкілердің бағасы қымбат болғанымен, сүтті жақсы береді. Әсіресе, оның қаймақтай бал татыған айранын айсаңшы. Таза табиғи өнімді балаларыңмен бірге ішкен сайын тынысың ашылады. Үйдегі жеңгең де бұл шаруаны үйіріп алып кетті. Мол сүт-айраннан сары май пісті, дәмі тіл үйірер құрт жасады. Не керек, аузымыз аққа жарығанымыз болды. Ешкі сүтінің бағасы негізі сиыр сүтіне қарағанда қымбат жүреді. Кей жерлерде 800-1000 теңгеден болса, біз қанағат етіп сұраған көрші-қолаңға, айналамызға 400 теңгеден береміз.
Қорада секектеп өскен лақтарымды еркелетіп мен суретке түсірем, қозы-лақтың ойнақтағаны да бір қуаныш. Оларға комбикорм, сұлы, бидай, арпа, жүгері талқандап, жоңышқа, жантақ майдалап беріп бағамыз. Негізі ешкі жылына екі рет төлдейді. Бірақ біз сүтіне бола әрі сүтінің құнары жойылмасын деп ұзағырақ ұстаймыз.
Иә, сонымен Нақып ағайдың келесі сүйікті кәсібіне айналған істің бірі – шылаушын құртын өсіру шаруашылығы. Әлгі басына құт болып келген жаңа қоныстың кең жеріне Нақып Шеріұлының шұбыртып-жыбырлатып шылаушын өсіріп жатқанын алғаш естігенімізде түсінбей аңтарылып қалғанымыз рас. Бірақ фотограф ағайдың әлеуметтік желіге жүктеген фотоларына қарап ауласындағы әсем гүлдердің көптігіне, жүзім жемісінің жайқалғанына қарап «қалай өсірген?» деп қызыға қарайтын едік. Сөйтсек әңгіме әріде жатыр екен…
Ағай алғаш рет бір қорап шылаушынды 15 мың теңгеге сатып алып, өсіруді бастаған. «Қи алып келдік. Құрттарды бірден күйдіріп жібермес үшін ауладағы топыраққа төсеп, сумен әбден шайып алдым. Оған құрттарды жайып, қорек жасауға кірістім. Құрттың қорегі – кәдімгі картоп, сәбіз қабығы, жапырақ. Соларды майдалап турап, құрт араласқан қиға салып отырамын. Осы қалдықтарды жеп, оны өңдеу арқылы биологиялық тыңайтқыш шығарады. Дайын тыңайтқыш. Бұл биологиялық тыңайтқыштардан бау-бақшаңыз, гүл-шарбағыңыз жайқалып өсуіне мен кепіл. Еккен егістің өсуін, өнімін 2-3 есеге арттырады. Сондықтан егінмен айналысатын шаруалар осы шылаушындар өндіріп шығарған тыңайтқыштарды сатып алады. Оларды топырағына сеуіп, мол өнім алып жатады. (Оны ғылымда «биогумус» деп атайды. Ол арнайы дүкендерде сатылады). Топырақ құрғап, тоза бастаса да осы тыңайтқыштарды сепсе, септігін тигізеді.
Құрттарға да аса күтім мен қамқорлық қажет. Жәндіктердің адамға зияны жоқ. Шақпайды, ешқандай жағымсыз иісі жоқ. Десе де, жаздың аптап ыстығында, әсіресе біздегі құрғақшылық қауіп төндіреді. Қарамаса шілдеде қырылып қалады. Олар ылғалды топырақты жақсы көреді. Сол себепті тиісті температураны қадағалап отырған жөн. Қатты ыстықта құрттардың кейбірі құрғап кетсе (өліп), кейбірі жердің астына кіріп кетеді. Топыраққа су құйып ылғал деңгейін арттырған кезде олар қайта бетіне шығады. Өйткені олар барынша ылғал іздейді. Көктемде топырақтың бетінде шылаушындар қаптап жүреді, өйткені жердің бетінде ылғал болып тұрады. Осылайша олар бірде төмен түсіп, бірде жоғары көтеріліп отырады. Ал жаз айларында жер қатты болғандықтан оларды оңайлықпен таба алмайсың. Сондықтан, жерді аударып, орындарын ауыстырып тұрамын.
Шылаушындарды тыңайтқыштарды (егістікпен) егінмен айналысатындар, балықшылар сатып алады. Бір данасы 5 теңгеден.
Әр кәсіптің өзіне тән қиыншылығы болатыны жасырын емес. Біреулер бұл ісіме денесі тітіркеніп, мұрнын тыржита қараса, кейбірі «сол да кәсіп пе екен» дегендей, қолын бір сілтейді. Бірақ, есік алдында жайқалып тұрған бау-бақшама сүйсініп, қоярда қоймай «қалай өсіргенімді» сырын білмекке құштар. Мен ерінбей, тәптіштеп табиғи тыңайтқыштарым туралы тәжірибемді айтып берсем, тағы да таңғалысады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, қыр-сырын жетік меңгеріп, қателессең, сол арқылы тәжірибе жинап, шыңдалу арқылы көп нәрсе үйренуге болады деп ойлаймын», -деп аяқтады сөзін таңсық кәсіп иесі Нақып ағай.
Шұбалшаңнан тыңайтқыш жасап, шарапатын көріп отырған Нақып ағай енді алдағы уақытта жылыжай салып, жасыл желекті жайқалтуды мақсат етіп отыр. Топырақтың құрамын зерттеп, бірталай тәжірибе жинақтаған еңбекқор жанның бұл шаруасы шаш етектен пайда әкелетініне зор сенімдіміз.
Шынында, шығыны аз, айналасына пайдасы мол аталмыш кәсіп түрінің қоршаған ортаға зияны жоқ екені, қайта топыраққа да, өсімдікке де зор әсерін тигізіп отырғаны ойлантпай қоймайды. Ісіңізге сәттілік тілейміз, шаруақор еңбек сүйгіштігіңізбен ұрпаққа үлгі болған Нақып аға!
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.