Шығыс Қазақстан облысындағы 13 учаскеде сел жүру қаупі бар
Шығыс Қазақстан облысындағы 13 учаскеде сел жүру қаупі бар. Су басу қаупі Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандарында және Риддер қаласында байқалады. Бұл туралы Infonews.kz сайты хабарлайды.
Аталған аудандар аумағындағы тау басында 13 ауылға қауіп төндіретін 144 мұздақ көл бар. Мамандар көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап сел қаупі бар жағдайды бақылау үшін аэровизуалды тексеру жүргізуде. Облыста 9 учаскеде көшкін қаупі бар.
“Негізінен, автомобиль жолдары маңындағы тау етегі, Риддер қаласына қарасты Үбе, Громотуха, Алтай ауданындағы Бұқтырма, Хамир, Черновая, Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма және Зайсандағы Кендірлік өзен бассейні қауіпті”, – деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіндегілер.
Өскемен мен Катонқарағай екі ортасында күнделікті қатынайтын Дамир Сейтқановтың сөзінше, қалың жаңбырдан соң Тереңсай асуы маңынан аққан сел тасжолды шайып кетіп жатады. Тау етегіндегі бірнеше ауылға да қауіп төндіретін көрінеді.
Осы уақытқа дейін көшкін қаупі бар жерлерге 54, сел қаупі бар учаскелерге 80 рет жерүсті тексеру жүргізілген.
Бұл ретте құтқарушылар сел жүруін ескертіп, тыйым салатын белгілер орнатып, жергілікті тұрғындарға, үйі апатты жерде орналасқандарға, әкімдіктерге 92 нұсқаулық таратты.