Экологиялық таза өнім керек пе? Онда «Мұратқа» барыңыз
Саурандық диқандар су үнемдеу технологиясын өндіріске кеңінен енгізуде. Қазіргі кезде аудандағы бақшалықтарды тамшылатып суару, ал, егістік жерлерді жаңа технологиямен жаңбырлатып суару арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру көзделген.
Мәселен, Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Сұлтанбаев жылыжай кешенінде тамшылатып суару арқылы 0,75 гектар жерге қияр, 1,5 гектар аумаққа болгар бұрышын еккен.
Кәсіпкер сондай-ақ, 1,5 гектар жерге орташа маусымдық «Ринда F1» қырыққабатын егуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда жылыжайдың бірінші айналымынан 25 тонна қияр жинап үлгерген. Мұраттың алдағы уақытта тағы 70 тонна қияр жинап алу жоспары бар. Ол 10 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
– Бүгінде экологиялық өнімге сұраныс жоғары. Химикатсыз, қоспасыз көкөніс табу қиын. Бұл кәсіппен балалардың денсаулығына алаңдағандықтан, бақша өнімдерін өзіміз өсірсек деген ниетпен шұғылданып жүрміз. Әзірге бұл көкөніспен жергілікті тұрғындарды ғана қамтып отырмыз, болашақта еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.