Этноауыл өткеннен сыр шертеді

0
106

Түркістан қаласындағы туризмді дамыту мақсатында қолға алыған жобалардың бірі – «Этноауыл» алаңы.  Ортағасырлық шығыс базары, шеберлер көшесі, көшпенділер ауылы, хан ордасы, көшпенділер асханасы және сарбаздар ауылы. Бұл кереметтің барлығын осындағы алаңнан көруге болады. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан бой көтерген кешенде орта ғасырдан бастап, көшпенділер дәуірі, қазақ хандығы мен кешегі ХІХ ғасырға дейінгі қазақ халқының өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі толық көрініс тапқан.

Этноауыл 7 бағыт бойынша орналасқан. Алғашқысы көшпенділер ауылы, шеберлер көшесі, шығыс базары, көшпенділер асханасы, сарбаздар ауылы және хан ордасы сияқты жеке-жеке алаңдардан тұрады.

Аталмыш бағыттардың бірі ортағасырлық шеберлер ауылында 40-қа жуық ағаш ұсталары мен темірден түйін түйген шеберлер, тері илеп, кілем тоқитын ісмерлер отырады. Олар келген қонақтарға ұлттық бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетіп, технологиясымен таныстырады. Ал көшпенділер асханасында халқымыздың ғасырлар бойы тұтынып, бүгінде ұмыт болған тағам түрлері қайта жаңғыртылып, халыққа ұсынылады. Көшпенділер тұтынған тағам түрлері мен олардың жасалу жолдары этнограф-ғалымдардың көмегімен қалпына келтірілмек.

Жоба ұйымдастырушысы А.Төкеннің айтуынша мұнда көшпенділер тұтынған тағам түрлерімен танысуға болады. Олар қандай ас ішті, қалай тамақтанды? Бүгінге дейін ұмыт болған 80-нен аса тағам түрі ұсынылады. Сондай-ақ хан ордасы мен сарбаздар ауылында көшпенділердің салт-дәстүрі дәріптеліп, ат құлағында ойнаған батырлардың қалай шыныққаны көрсетіледі. Ал шығыс базарында шеберлердің қолынан шыққан дүниелер саудаға шығарылады. Бірегей жоба келген қонақтар мен шетелдік саяхатшылар үшін тарихы терең қазақ мәдениетімен толығырақ танысуға мүмкіндік береді.

Leave a reply