Ғ.Бимурзаев: «МАҚСАТЫМЫЗ – ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ, БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ»
Түркістан жоғары медицина колледжі – тарихы 1965 жылдан бастау алатын қаламыздағы ең іргелі оқу орындарының бірі. Колледждің жарты ғасырлық тарихында 50 мыңнан астам білікті маман даярланды. Алғашында тек қана фельдшерлер даярланған болса, бүгінде 6 мамандық бойынша кадрлар даярлап, өңір медицинасының өркендеуіне үлес қосып келеді. Осы ретте біз колледж директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Бимұрзаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ғалымжан Нұрманұлы, колледждің тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз.
– Колледж өңіріміздегі орта буын медицина қызметкерлерін даярлауда бірегей оқу орнына айналды. Педагогикалық ұжым еңбек нарығында талап етілетін құзыреттілікке сай кәсіби және әлеуметтік мобильді, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы негізгі стратегиялық міндеттерді табысты шешуде.
Түркістан жоғары медицина колледжі бүгінгі таңда 6 білім беру платформасы аясында 6 мамандық пен 7 біліктілік бойынша кадрлар даярлайтын заманауи білім беру ұйымы:
1.09130200 – Акушер ісі, 4S09130201 – Акушер.
2.09120100 – Емдеу ісі, 4S09120101 – Фельдшер.
3.09130100 – Мейіргер ісі, 4S09130103 – Жалпы практикадағы мейіргер, 5АВ09130101 – Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры.
4.09110100 – Стоматология, 4S 09110102 – Дантист.
5.09140100 – Лабораториялық диагностика, 4S09140101 – Медициналық лаборант.
6.09160100 – Фармация, 4S09160101– Фармацевт.
Колледж екі рет тәуелсіз халықаралық институционалды және мамандандырылған аккридитациядан өтті.
Колледжге қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылады. Соңғы 3 жылдағы тәуелсіз емтихан қорытындысы бойынша колледж жоғары нәтиже көрсетті. Тәуелсіз емтиханды сәтті тапсырған түлектердің үлесі 2020 жылы – 100%, 2021 жылы – 98,8%, 2022 жылы бұл көрсеткіш – 99,4%-ды құрады. Жыл сайынғы қабылдау нәтижелеріне кәсіптік бағдар беруді ұйымдастыру жұмыстары ықпал етеді. Облыстың орта медициналық кадрларға қажеттілігі жүйелі түрде зерттелуде. Жалпы, медицинаның өзі өте жауапкершілігі зор сала ғой. Мәселен, жедел жәрдемдегі фельдшер маманы жол апаты, не болмаса жүрек талмасына ұшыраған науқасқа тап болғанда, жалпы кез келген жағдайда бірінші көмекке баратын маман. Сол себепті де адам жанының арашасы дейміз. Ал, акушерді қарастырсақ – ол тіпті екі адамның, ана мен баланың өмірі үшін жауапты болады. Сондықтан, талап күшті. Медицинаға кездейсоқ, яки кез-келген адам келмеуі керек деп ойлаймын. «Оқымасаң колледжге бара сал» деген немқұрайлы түсініктен арылатын уақыт келді. Медицинаға қызығушылығы, қабілеті бар, білімді талапкерді тарту мақсатымыз. Медицина кадрларын даярлаудың іргетасын мектептен бастауымыз керек. Сондықтан да біздің педагогтарымыз ауылдарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мектеп бітірушілерге кәсіби бағдар беруде. Нәтижеде, соңғы уақытта оқу орнынын жүрек қалауымен таңдайтын, талапты, білімді шәкірттер көбейіп келеді. Биылғы оқу жылында қабылдау науқанының нәтижелі жұмысының арқасында білімді, үздік талапкерлерді оқуға қабылдап, студенттердің үлкен контингентін қалыптастыра алдық.
Мақсатымыз – заман талабына сай, білікті мамандар даярлау. Сан емес, сапаға жұмыс істеуіміз керек. Дамыған елдерде мейірбикенің біліктілігі дәрігерден кем емес, емдеу ісінің 90 пайызын солар атқарады. Біз де сол деңгейге көтерілуіміз керек. Біз осы бағытта студенттермен жүйелі жұмыс істеп жатырмыз.
– Оқу орнында цифрландыру жүйесі қалай жүріп жатыр?
– Бүгінгі таңда цифрландыру үдерісі елімізде жақсы дамып келеді. Біздің колледжде де цифрландыру нәтижелі жүзеге асып келеді. Өйткені, ол бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Колледждің барлық оқытушылары мен студенттері Moodle жүйесіндегі электрондық білім беру ресурстарын пайдалануға құқылы. Техникалық қолдау көрсету, орнату, техникалық құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді колледждің IT орталығы жүзеге асырады. Колледждің электронды кітапханасы кітапхана серверінде орналасқан және толық мәтінді электронды құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Кітапхана жұмысына Kabis электрондық библиографиялық жүйесі еңгізілген. Кітапхананың негізгі кітап қоры 75555 кітапты құрайды. Колледж кітапханасына «Цифрлық кітапхана» енгізілді, онда электронды кітаптар мен әдістемелік құралдардан тиісті ақпарат алуға болады. Электрондық кітаптардың саны 10200, оның ішінде мемлекеттік тілде – 7114 дана. Әрбір студент, оқытушы бұл ресурстарға өзінің жарнамалық коды арқылы қол жеткізе алады. «Aknurpress» сандық кітапханасының бағдарламалық өнімдерін пайдалану жөнінде «Hi-Tech Lab» ЖШС-мен келісім-шарт түзілген. Кітапхана қорын жыл сайын жаңарту жүзеге асырылуда.
Колледждің білім беру жүйесіне «Директорат» автоматтандырылған басқару жүйесі, «True-conf» ақпарат-тық-білім беру кешені, «SQL Server» және «Delfi» тестілеу жүйелері, Kahoot және Test PAD онлайн бағдарламалары енгізілген. Сынақ кітапшалары, сабақ кестесі, оқу журналдары толық цифрлық форматқа көшірілді. Құжат тапсырудың өзі «Smart Nation» жүйесі арқылы жүзеге асады.
– Оқу үдерісі бойынша қандай жетістіктеріңіз бар?
– Педагогикалық қызметкерлердің жалақысы өсті, педагогтар құрамы 6 педагог-шебер, 6 педагог-зерттеуші, 8 педагог-сарапшы, 22 педагог-модераторлармен толықты.
Осы жылдар ішінде колледж республикалық деңгейде «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің (ОӘБ) жұмысын үйлестіріп, жетекшілік етіп келеді. ОӘБ аясында колледж 3 республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың, мейіргер ісі бойынша білім берудің өзекті мәселелері бойынша 7 вебинардың, заманауи педагогикалық технологиялар бойынша 10 шеберлік сыныбының модераторы болды.
Бітіруші топ студенттерінің білімін ұлттық тест орталығы тарапынан тәуелсіз бағалау жоғары нәтиже көрсетті.
– Оқытушылардың біліктілігін арттыруы қай деңгейде жүруде?
– Соңғы 3 жылда оқытушылардың біліктілікті арттыруы 100%-ды құрады. Шетелдік: Түркия, Литва, Ресей медициналық колледж және университеттерімен серіктестік орнатылып меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, АҚШ-тың Жүрек қауымдастығымен ынтымақтастық шартын түзіп, бірқатар оқытушыларымыз біліктіліктерін жетілдіріп, курстан өтті.
Шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша провайдерлер мен нұсқаушыларды оқыту сапасын арттыру мақсатында Түркістан жоғары медицина колледжінде ағымдағы жылдың 14.06. – 07.07. аралығында «Казанада» ЖШС-нің аға – инструкторы BLS, ACLS, PHTLS, PALS бойынша семинар-тренинг өткізді. Американдық жүрек қауымдастығының (ANA) және Ұлттық шұғыл медициналық техниктер қауымдастығының (NAEMT) оқытудың және мониторингінің барлық деңгейінен өткен, тиісті салаларда сертификатталған нұсқаушыларды шығаруға құқығы бар сертификатталған маман (BLS, ACLS, PHTLS, PALS) Зауреш Аулабаева, колледждің клиницист оқытушылар арасынан Негізгі реанимация бойынша 3; Кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы бойынша 3; жарақаттар бойынша ауруханаға дейінгі кезеңде медициналық көмек көрсету бойынша педиатриядағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы бойынша 3 провайдер және инструктор дайындап, жалпы 12 нұсқаушы-маман оқытылды. Жол апаты орын алса, табиғи апаттар болса полиция мен Төтенше жағдайлар қызметкерлері бірінші кезекте жетеді. Сол себепті оларды алғашқы көмек бойынша оқытуымыз керек. «Парамедиктер» деп атайды оларды. Парамедиктер даярлау заман талабы. Енді, қауымдастықтың Астана филиалымен тығыз жұмыс істеп, колледж базасында орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Орталықта полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері, әуежайлардан т.б. мамандық иелерін оқыту үшін курстар ашқалы жатырмыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісіп, алдағы уақытта парамедиктерді ғана емес, жалпы облыстағы орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіретін оқу орталығын ашпақпыз.
– Еңбек нарығында қайсы мамандықтарға сұраныс көп?
– Бірінші кезекте мейірбикеге, фельдшерге сұраныс көп. Сонымен қатар, соңғы кезде тіс емханалары, түрлі зертханалар көптеп ашылуда, оларда біздің мамандар жұмыс істейді. «Лабораториялық диагностика», «Медициналық лаборант» деген мамандарымызға да қажеттілік бар. Стомотологтарға да сұраныс жоғары. («Дантист»). Президент тапсырмасына орай ауылды жерлерде ФАП-тарды жаңғырту басты назарда тұр. Оларға көптеген мамандар қажеттілігі туындайды. Сауатты, білікті фельдшер, акушер керек ауылды жерлерге. Облыс орталығы болғалы қаламызда көпбейінді ауруханалар салынуда. Олардың барлығына да білікті орта буын медицина қызметкерлері қажет. Сондықтан барлық мамандықтарға сұраныс бар деп айта аламыз.
– Колледждің практикалық базасы қалай қалыптасқан?
– Облыстың 54 денсаулық сақтау ұйымымен оқу-өндірістік практиканы (ОӨП) ұйымдастыру және өткізу туралы келісімдер жасалған. Облыста қанша аудан болса, сол аудандық емханалардың барлығында біздің студенттер практикадан өте алады. ХҚТУ-дың медицина факультетімен байланыс орнатылған. ХҚТУ КДО да бір практикалық базамыз. Факультеттің білікті профессорлары бізде дәріс береді. Жедел жәрдем орталығымен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сол мекемелерден де клиникалық-практик мамандар, дәрігерлер жұмысқа тартқанбыз, 0,5 ставкамен жұмыс істей жүріп біздің мамандарымыздың білім құзіретін көтеруге үлес қосуда. Студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіру, сапалы мамандар даярлау мақсатында колледждегі 5 оқу симуляциялық кабинеттеріне қосымша жаңа робот маникен, заманауи жаттығу құрылғыларымен жабдықталған үлкен көп салалы, көп функционалды оқу, симуляциялық оқу орталығы ашылды.
– Қандай мәселелер бар шешімін таппай жүрген? Жалпы, сізді не алаңдатады?
– Дәл қазір елімізде қызып тұрған тақырыптардың бірі – жатақхана мәселесі. Бізге облыстың бүкіл аудандарынан және көрші Қызылорда облысынан көптеген студенттер келіп оқиды. Жаңақорған, Шиелі, Арал, Қазалыдан да студенттер бар. Олардың мұнда туған туысы болмауы да мүмкін. Жатақхана бар болғанымен, орын жетіспейді. Жатақханада орын жетпей жан-жақтан келген студенттер пәтер жалдауға мәжбүр.
Тағы бірер проблема бар, ол жүре шешіледі деп ойлаймын. Колледж мамандықтарына сұраныс жақсы. Талапкер көп келіп жатыр. Бірақ мемлекеттік тапсырыс, грант саны шектеулі. Былтыр 250 грант бөлінсе, биылғы жылы 375 орын бөлінді. Осымен үшінші жыл біз құжат қабылдау үдерісіне қатыспаймыз. Барлығы автоматтандырылған. Аттестаттың орташа балымен «Smart Nation» бағдарламасы арқылы құжат тапсырып, бағдарлама өзі іріктеп, балын есептеп конкурс нәтижесін шығарып береді.Сосын грантқа ілінбегендері ақылы оқуға келеді. Облысымызда көп балалы аналар мен әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары да білім алуда. Олардың саны бізде өте көп. Әлбетте мүмкіндігінше оларға қарайласамыз. Бірінші кезекте тұл жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасының балалары, ата-анасы жұмыссыз, бір үйден бірнеше бала оқитын болса жеңілдіктер қарастырылған. Соларға іріктеу жасап, комиссия шешімімен шын жағдайы жоқ 70 студентке директордың квотасы бар. Оның ішінде 50 студентке 100 пайыз, қалғанына 25-50 пайыз көлемінде оқу ақысынан же-ңілдік бар. (Төлемақы 220000-320000 аралығында). Курстан курсқа өсіп отырады. Бұл жеңілдіктер де жеткілікті дей алмаймын. Барлығына бірдей берейік десек бюджет көтермейді. Жалпы, әлеуметтік осал топқа жататын, көп балалы отбасынан шыққан балалар біздің өңірде көп-ақ. Осы мәселе мені толғандырады. Десек те, алдағы уақыт-та ретімен шешілер деп ойлаймын. Қазір колледжде 9 тұл жетім студент білім алуда, олар тегін тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етілген. Колледжде оқу ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер беру комиссиясы жұмыс істейді. Оқу ақысы құнының 50-100% көлеміндегі жеңілдіктер мына санаттағы студенттерге беріледі: тұл жетімдер; мүмкіндігі шектеулілер; ата-анасы мүгедектер; көп балалы отбасынан шыққандар; WorkdSkills чемпионатының жеңімпаздары; колледждің қоғамдық-саяси өміріне, мәдени іс-шараға қатысып жүрген белсенді студенттер, оқу озаттары.
–Әңгіме-сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болып, ел медицинасының дамуына үлес қоса беріңіздер!
Сұхбаттасқан:
Әтіргүл ТӘШІМ.