Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы: экономикалық пайдасы тұрғысынан талдау
Қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет еткендіктен энергия көздерін зерттеу бүгінде маңызды бола түсуде. Ғылымның дамуымен қатар су электр станциялары мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Оларға күн, жел, биоотын, геотермалдық энергия сияқты негізгі қайта қалпына келетін энергия көздері жатады. Қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін экологиялық таза болып саналады. Алайда, бұлтты ауа-райында және жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісі мүлдем мүмкін болмай қалады. Жылу электр станцияларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай энергия өндірісінің шикізат бағасы күн сайын өсіп келеді. Ал, атом электр станциясы (АЭС) отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. ХХ ғасырдың ортасында уран мен плутонийдің ядроларын бөлу арқылы аз шығындалып көп энергия алу мүмкіндігі пайда болды. Яғни, ядролық реакторда уран ядроларын ыдырату арқылы жүргізілетін ядролық реакция нәтижесінде электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын көп мөлшерде жылу бөлінеді (Николаев, 2021). Көптеген елдерде атом электр станциялары өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып табылады. Бастапқыда баламалы энергия көзі болып есептелген ядролық энергия тез арада әлемдегі жетекші энергия көздерінің біріне айналып үлгерді.