ҚАЗАҚТЫҢ ЕР-ТҰРМАНЫ ЖӘНЕ АТ ӘБЗЕЛІ

0
91

Дана халқымыз, жылқыны о бастан мініске үйреткен көшпенділер бірте-бірте жайлы болу үшін ер-тоқымды да ойлап тапқан. Ер-тоқым сыртқы бітім ерекшелігіне қарай «қазақ ері», «қоқан ері», «құранды ер», «ашамай ер», «қазық бас ер», «орыс ері» деп аталатын түрлері бар. Осылардың ішінде құранды ерден басқасы көбінде бес бөлікті қосу арқылы жасалады. Негізі ерлер бір-бірінен алдыңғы қастарының әр түрлігімен ерекшеленеді және жас балаға ер жігітке, әйелдерге арналып жасалатын ердің түрлері болады. Жігіттің ат әбзелдері ерекше бір шебердің өнер туындысы болып есептеледі. Халқымыз жеткіншек бозбалаға әдейі арнап жасатса, бойжеткен қыз баласына бір бөлек жасалады.

Әйелдерге арналған ердің сүйегі ауыр, әшекейі мол, алтын, күміс, асыл тас, сүйек мүйізбен әшекейленеді. Балаларға арналған ерді – ашамай дейді. Ер бала дүниеге келгенде қазақ оған арнап жаңа туған құлын бәсірелейді. Сол бәсіресі тай, құнан болғанда үкі тағып, ашамай жасатып, баланы мінгізген. Ашамайдың алдыңғы және артқы қасы, қос қапталы болады. Ашамайда үзеңгінің орнын қоржын тәрізді тоқылған немесе ақ киізден басылған тепшік қолданылады. Ер-тұрман жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі өнер себебі жұмысы көп сатылы. Өлшемін тауып аралап, кедір-бүдірін қашап, майдалап сүргілеу арқылы қарапайым ағаштан көрікті де әсем ат әбзелін жасауға болады. Ал, осындай түрімен пішімі келіскен ер-тоқымды көргенде қай қазақ баласы болсын қызықпауы мүмкін емес. Жылқыны жайдақ үйреткен көшпенділер, оған жайлы болу үшін, ер-тоқымды ойлап тапқан, ал түрлі кезеңдерден өтіп өлшемі шығарылып, пішімі анықталса да сол ер-тоқымды жасау оңай шаруа емес.

Ол жаңа заман талаптарымен үндесе тарап ақыл-ойды асқарға, қиялды қиялға жетелейтін киелі мұра. Қолөнер туындыларын жасау белгілі бір көркемдік ұстанымды сақтауды талап ететіні белгілі. Ерді жасау үшін арнайы ағаш таңдалып алынады, таңдалған ағаштың биіктігі 50 см қалыңдығы 40 см кем болмағаны дұрыс. Ерші ұстасы ағашты алғаш кесіп алған уақытта жұмсақ әрі майлы шапқанға ыңғайлы болғандықтан бірінші ердің нобайын шығарып шауып алады. Пішімі шығып шабылған ерді кептіру мақсатында сыртына сиырдың жас тезегін жағып күнге кептірген. Кептірілген ер жеңіл әрі қатты берік болса, оның сыртын былғарымен қаптап түрлі асыл тастар жапсырылып безендіріледі. Қос қапталына қайыс бау өткізіліп үзеңгісі бекітіледі. Жасалып біткен ер ат үстінде мығым болып тұру үшін оның әбзелдерінің атқарар қызметтері орасан зор. Ат-әбзелдерінің құрамына: терлік, киіз тоқым, қайыстан өрілген айылтартпа, құйысқан, өмілдірік және көрпеше мен қанжыға кіреді. Осының бәрі ағаштан ойылып жасалған қаңқаны толықтырып, ер-тоқым атауына ие болады. Тоқымын құрым киізден пішіп, астарлап тігеді.

Жүген-желкелік, милық, кеңсірік, қасқалық, сағалдырық, сулық, ауыздық және тізгін-шылбырдан тұратын, аттың басына кигізілетін, міндеті – атты иесі ырқына бағындыруға көмектесетін әбзел. Жүгеннің түрі көп. Атап айтқанда: күміс (күмістелген) жүген, өрім жүген, шашақты жүген, қасқа жүген, үкілі жүген, түймелі жүген т.б. Жүген ат басына ауырлық келтіретіндей ауыр болмауы керек. Сондай-ақ, ертеде бәйбішелер мінетін жуас жылқыларға жібек жүген қолданатын болған.

Атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ер-тұрман жасау өнері,  халқымыздың  ең асыл қазынасы. Жоғарыда айтылған ер-тоқым, ат әбзілдері тарихи-мәдени этнографиялық орталық экспозициясына қойылған, келуші қонақтар мен жас ұрпаққа ата-бабамыздың төл мұрасын насихаттап дәріптеп тұр. Осындай ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлттық өнеріміз шарықтап өркендей берсін.

Leave a reply