Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Қазығұрт аудандық оқушылар сарайы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай «Балалар біздің болашағымыз» атты сурет байқау өткізілді. Байқауға жалпы 13 ауыл округінен оқушылар қатысты. Байқау қорытындысы бойынша І орын – Қызылқия ауыл округі, ІІ орын – Қазығұрт ауыл округі, ІІІ орын – Шарбұлақ ауыл округінің оқушылары иеленді. Іс – шара барысында ауданымыздағы қосымша білім беруді ұйымдастыруда жасаған табысты еңбектері үшін бірнеше маман, Қазығұрт аудандық оқушылар сарайы директорының алғыс хатымен марапатталды.
“Құрметті балалар! Қадірлі ата-аналар! Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаздың алғашқы күнімен келетін мереке балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын асыға күтетін басты мереке. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел үміті, ұлттың жалғасы.
Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы зор. Бүгінде баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Сол себепті де біздер барынша балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта балалардың тиісті күтім мен қамқорлық көруіне жұмыс жасап келеміз. Бұл бағытта елімізде жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған.
Қымбатты балалар! Біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымыз – сендерсіңдер! Сондықтан да, Сіздер, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін белсенділік танытып, еліміздің одан әрі гүлденуіне өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек. Сендердің оқуда озат болуларыңа, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін! Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық болсын! Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар! Әрқашан жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден мейірім кетпесін!”, деді Қазығұрт ауданы әкімі Азизхан Исмаилов.
Сондай-ақ, мәдени мерекеге орай аудандағы Көкібел ауылдық мәдениет үйінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған “Өлкенің гүл жайнаған балғындары” атты іс-шарасы болып өтті. Шара балаларды қорғау мерекесін сезіну, балалық шақтарын бақытты өткізуге, елінің білімді де, тәрбиелі азаматы болуға баулу мақсатында ұйымдастырылған. Одан бөлек, Қақпақ ауылдық мәдениет үйі және бала-бақша қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз бақытты балдырған» атты іс-шара өтті. Шара балалардың көңіл күйін көтеру, мерекені сезіну, оларды ойната отырып ән айт0ызып би билету, мерекелік көңіл сыйлау, ұйымшылдыққа баулу және насихаттау мақсатында өткізілген. Дәл осындай көңіл күйде Шарапхана ауылдық мәдениет үйінде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай “Аттандық бала шақтан болашаққа” атты іс-шара өткізілді. Іс-шарада Шарапхана ауылдық мәдениет үйінің директоры Б.Қуатбнков құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараны ашып берді. Мәдениет үйі жанынан ашылған “Толғанай” би тобы би билеп, ән үйірмесінің шәкірттері ән айтып, көркемсөз оқу шеберлері үйірмесінің шәкірттері өлең жолдарын оқып, өз өнерлерін көрсетті. Іс-шара барысында балалармен қызықты ойындар ұйымдастырылды. Балалар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс- шарадан балалар көңілді күйде қайтты.
Сонымен қатар, Қаржан ауылдық клубында «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында балалармен қызықты ойындар ұйымдастырылды. Балалар ән айтып, би билеп көңілдерін көтерді. Бұдан бөлек, Жаңабазар ауылдық мәдениет үй» қызметкерлері мен “Балдырған” бала бақша ұжымының ұйымдастыруымен 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау, бір-біріне деген сыйластық, құрметтерін арттыру, жеке тұлға екендігін түсіндіре отырып шығармашылықтарына, өнеріне қолдау көрсету мақсатында “Ғажайып балалы шақ” атты іс- шарасы өткізілді. Дәл осындай форматта аудандағы Тесіктөбе ауылдық клубы мен мектеп тәлімгерімен біріге отырып Халықаралық балаларды қорғау күніне орай “Біз бақытты баламыз” атты мерекелік іс-шара болып өтті.
Одан бөлек, Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Қазығұрт аудандық оқушылар сарайы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үйірме жетекшілері оқушылар арасында «1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай «Балалық шақ әлемі қандай ғажап” тақырыбында Флешмоб ұйымдастырды. Флешмоб білім алушылардың рухани адамгершілік мәдениетін, эстетикалық патриоттық сезімдерін ояту мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, аудандағы Қызылқия ауылдық мәдениет үйінде 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» атты іс-шара өтті.
Ендігі кезекете балаларды қорғау күні қашан және қалай пайда болды, осыған тоқталып өтеміз. Ересектер әлеміндегі бітпейтін жанжалдар мен соғыстан көп жағдайда балалар жапа шегеді. ХХ ғасырдағы әрбір дүниежүзілік соғыстан кейін, көптеген бала алаңсыз балалық шағынан айырылып, үй-күйсіз, далада қаңғып, жетімдіктің ауыр азабын тартты. Сол себепті бүкіл адамзат қауымы алдында осындай қиындықтарды шешу мәселесі тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1925 жылы Женевада арнайы Дүниежүзілік конференция шақырылды. Онда қаралған басты мәселе – соғыстан жапа шеккен балалардың тағдырына жауапкершілік алып, олардың әл-ауқатын көтеру мәселесі болды. Осы шақырылымнан кейін бірнеше жылдан соң өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтетін халықаралық балаларды қорғау күні бастау алды.
Халықаралық балаларды қорғау күні күнтізбеде маусымның 1-і күні ретінде бекітілген. Бұл күнді таңдауға екі тарихи оқиға себеп болған: 1925 жылы Женева конференциясының өтуі; Сан-Францискода Қытайдың бас консулының жетім балаларға арнап айдаһар-кемелер мерекесін өткізуі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күллі әлемге соғыстан кейінгі балалық мәселесін шешуге тура келді. 1949 жылдың күзінде Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының конференциясы өтті. Онда балалардың бақытты болуының басты себебі тек әлемнің тұрақтылығында деген ой айтылды. Осылайша аталған конференцияда Балаларды қорғау күні ресми түрде бекітілді. Бұл шешімді сол жылдары енді құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы да (БҰҰ) қолдады. Бұған қоса БҰҰ балалар құқығын қорғау мекеменің басты бағыттарының бірі болатынын мәлімдеді. 1950 жылдары ондаған елде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіле бастады.
1940 жылдары адамзат қауымы балалар құқығын қорғау ісін де қолға алып, бірқатар тиісті халықаралық құжатты әзірледі. 1959 жылы декларация қабылданды. Онда балалардың өмір сүруі, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, мемлекет тарапынан олардың болашағының жарқын болуына атсалысу сынды қаулылар құжат жүзінде бекітілді. Декларация қабылданғаннан кейін 20 жыл өткен соң 1979 жыл – Халықаралық балалар жылы деп жарияланды. Тағы бір онжылдықтардан кейін, 1989 жылы балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. Бұл құжаттың мәртебесі жоғары ол декларациямен салыстырғанда, халықаралық құжат ретінде қарастырылды әрі ол өскелең ұрпақтың мүддесін қорғап, олардың құқықтарының қорғалуының кепілі ретінде бекітілді. Бұл кепілдіктің барлығын әлемнің көптеген елі мен БҰҰ-на мүше елдер қабылдады. 1946 жылы БҰҰ жанында балаларға көмек көрсетуге арналған арнайы ұйым – ЮНИСЕФ құрылды. Ол түрлі елдердің үкіметі мен жеке тұлғалардан қайырымдылық қаражатын жинайды. Аталған қаржының барлығы балалар мәселесін шешуді көздейтін әлем бойынша арнайы қызмет жұмысын құру және оны жүзеге асыру ісіне жұмсалады. Ұйымның негізгі мақсаттары: Балалардың өмірін жақсартуға оңтайлы жағдай жасау әрі оларға өмірдің түрлі қиын жағдайларында көмектесу. Балалардың өмірі мен денсаулығын күту – вакцина салу және алғашқы көмек көрсету. Дамуы артта қалған елдердің балаларына оқу ұйымдастыру, оларға оқу материалдарын ұсыну.
Халықаралық балаларды қорғау күні не үшін қажет деген сұраққа келер болсақ, бұл мереке ересектерге балалар әлемі нәзік екенін, оларға үнемі қолдау мен қорғау қажет екенін еске салады. Атаулы күн күллі адамзат баласын жасөспірірімдер мәселесіне бей-жай қарамай, мемлекеттік деңгейде олардың шешілуіне кепілдік бере алу керектігін айғақтайды. Бұл күні барлық балалардың отбасылары мерекені естен кетпестей етіп өткізуге тырысады. Халықаралық балаларды қорғау күнінің өз нышаны – туы бар. Оның түсі жасыл әрі тудың ортасында түрлі-түсті бояумен салынған балалардың сұлбалары бейнеленген. Олардың барлығы Жер шарына қол тигізіп, баршаның мәңгілік мекені – Жер екенін көрсетеді.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты не және оны қалай атап өту керек? Балаларды қорғау күнінің атап өтілуі – олардың құқықтары қазіргі қоғамда қалай қорғалып жатқандығына назар аударудың басты себептерінің бірі болып табылады. Бұл дүниежүзіндегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған мүмкіндік болып саналады. Ал балалар үшін отбасымен қарсы алатын, естен кетпес естеліктерге толы мереке болып есте қалмақ. Балалаларды қорғау күнінің міндеттері Мерекелік күннің негізгі міндеті – Халықаралық конвенцияда бекітілген, балалар құқықтарын қоғамға тағы бір рет еске салу әрі оны насихаттау болып табылады. Олардың қатарына төмендегілер жатады: Өмір сүру құқығы. Балалар өмірі түрлі әскери қақтығыстардан, ауыр сырқаттардан, аштық пен кедейліктен қорғалуы тиіс. Лайықты өмір сүруге, тәрбие алуға, оқуға және физикалық әрі рухани тұрғыда дамуына тең құқылы болу. Балалар құқығын қорғау күнінде сонымен бірге әлем бойынша балаларға қатысты шешілмеген, түйткілді мәселелерге назар аударып, оны шешу жолдарын ұсынуға баса мән беріледі. Мұндай өзекті мәселелердің қатарына мыналар жатады: Кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтың зардабын шегеді. Балалар әскери қақтығыстардан, ЖИТС, ВИЧ-инфекция және өзге де күрделі аурулардан көз жұмады. Үшінші әлем елдерінде кәмелет жасына толмаған балаларды ауыр еңбекке салып, құлдыққа сатады. Оқу орындарының болмауы салдарынан кей балалар кейде тіпті бастауыш мектепте білім ала алмай жатады. Көптеген дамыған елде теледидар, интернеттің теріс әсері сынды проблемалар да бар. Салдарынан жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділік, жағымсыз әдеттерге деген қызығушылық артып келеді. Балалардың күйзелісі көп жағдайда психикалық ауытқушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырып жатады.\
Бұдан бөлек олардың арасында шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі сынды күрделі мәселелер белең алып келеді. Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. “ҚР балалар құқығы туралы” Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР “Неке және отбасы туралы” кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған. Ол аталған сала бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
Балаларда 1 маусым ересектер ұйымдастырған түрлі мерекелік іс-шараларға қатысумен өтеді. Жеткіншектер бұл күнді жазғы демалыстың басталуы, демалу, өзіне ұнайтын іспен айналысу кезеңімен байланыстырады. Оқу орындарында бұл күні ертеңгіліктер, мәдени шаралар мен өзге де мерекелік жобалар ұйымдастырылады. Ал әлеуметтік әлсіз топтардың балаларына бұл күні қайырымдылық шаралары өткізіліп, сый-сыяпаттар таратылады. Мәселен бұл күні оларға театр, киноға бару, парктер мен түрлі аттракциондарда қыдыру сынды шаралар ұйымдастырылады. Балаларды осы күні арнайы құттықтап, тәттілер пісіру дәстүрге айналған.