Қазығұртта Отбасы күні аясында бірақатар жиындар өтті
Сонымен қатар, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында ҚР Отбасы күні аясында «Отбасым-бақыт мекенім» атты кездесу кеші өтті. Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі, Қазығұрт ауданының «құрметті азаматы», орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айтубай Райымбай ағамыз Зәуре жеңгеміз, Ақтөре, Сауырбай, Мөлдір, немересі Айарумен кешіміздің қонағы болды. Кешімізді Райымбай ағамыз бақытты отбасының құндылықтарына терең тоқталса, Зәуре жеңгеміз шаңырақты шайқалтпай берік болу үшін сапалы білім беріп бала тәрбиесімен айналысып келді. Қазіргі таңда ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бірнеше немере сүйіп, бақытты отбасы атанды. «Отбасым-бақыт мекенім» деп асқартау әкелер, ардақты аналар жанұямыздың терезесін тең, керегісін кең, босағасын берік ұстаған. Мәдениет сарайы әншілері Нұрхан Жәния Байтұрсыновтар «Анам мен әке», Республикалық Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауының лауреаты, әнші Жазира Искенова «Қара шаңырақ» атты әсерлі әнмен кешімізді аяқтады.
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер, дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс – шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен косшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз біріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздін мәнісі де осында.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», – -деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», – деп жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке – өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап- тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: « Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала -шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», “әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «…Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, онын тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.
Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, қең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демеқ, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!
Отбасы — сыйластық пен тыныштық, махаббат, бірлік орнаған орта, кішкентай Отан.
«Отан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю-отбасыдан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы бастауы. Адамның жеке тұлға болып қалыптасып, өмірге кірпіш боп қалануы отбасыдан басталады. Баланың ер жетіп, бойына тек адамгершілік қасиеттер жинап өсуінде отбасы мәні зор. Сондықтан да туған үйдің тәлім-тәрбиесі–бала көкірегінде мәңгі сақталады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшарда соны іледі» дегендей баланы кішкентай күнінен байсалды, ақылды, тіл алғыш етіп тәрбиелеген жөн деп ойлаймын.
Отбасында бала үшін ата-ананың орны бөлек. Әке-асқар тау, себебі ол отбасының қорғаны, панасы, отағасы. Ал, ана отбасының шуағы, ұйытқысы, отанасы. Менің ойымша, осы әлемде әке мен аналарға еш биіктік жетпейді!
Отбасы –осы өмірдегі ең кереметтің бірі. Жанұя– өте қажетті және басқа еш нәрсемен алмастыруға болмайтын баспалдақ. Отанға деген алаулаған сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан да, біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.
«Өз үйім-өлең төсегім» деп қазақ даналығында айтылғандай әр адам үшін өз отбасы, өз үйі әрқашан жақсылыққа толы, жанға жайлы болады. Сол себепті де әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтеп бірінші орынға қоюы шарт. Себебі қазіргі кезде көп жастар шет елдерде оқып, сол жерде қалып қояды. Бұдан Отанға деген ешқандай ізгі ниет байқалмайды, сондықтан да отбасын қалай қадірлейміз, дәл солай Отанды да қадірлеп, қолдан келгенше аялауымыз керек!
Не болса да Отанның бір бөлшегі – отбасыңа ештеңе де жетпейді! Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн!
Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны ерекше. Комиссия бірнеше жылдан бері отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп келеді.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі.
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сондықтан отбасы – өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бүгінде құлдырауға ұшырауына байланысты қоғамда бірқатар керітартпа әрекеттің пайда бола бастағанын байқауға болады.
Оның бірі қазіргі тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігі. Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдерге және отбасылық өмірдің шынайылығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастау керек. Ана институтын қолдаумен бірге, әке институтын дамыту, жасөспірімдерде өз отбасына жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды. Отбасылық қатынастардың барлық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және консультациялық көмекті қамтамасыз ету қажет. Отбасылардың ажырасуы біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудыруда. Ғалымдар, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге елеулі назар аударуы тиіс», деп атап өткен еді.
Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы. Толық емес отбасында, бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, кішкентай бүлдіршіндер ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша ажырасу фактісі баланы ауыр психологиялық салдарға (құқық бұзушылыққа, суицидке, өз-өзіне сенімсіздікке) душар етеді. Толық емес отбасының проблемасы – баланың әлеуметтенуінің бұзылу проблемасы.
Қоғам ішін жегіқұртша кемірген бұл мәселе қатаң шаралар қабылданып, дер кезінде шешімін таппай, осылай жалғасын таба беретін болса, өте қиын. Сондықтан ұлттық құндылықтарды қастерлеудің заңдық жауапкершілік нормасын енгізу бүгінгі күннің талабы деп есептеймін.
Некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан алынатын мемлекеттік баж салығының жоғарылауы ерлі-зайыптылардың ажырасуға деген ниетін төмендету шараларының бірі болары анық. Сонымен қатар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 19-бабы 3 тармағында ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады делінген. Іс жүзінде соттар ерлі-зайыптыларға татуласуға қосымша уақыт беретін болса, неке бұзылу саны азаяры сөзсіз. Кеңес Одағы кезінде соттарда неке бұзу туралы талапты шешер кезде 6 айға дейін міндетті түрде татуласуға мерзім берілетін және ол тәжірибе отбасын сақтап қалуға едәуір мүмкіндік беретін.
Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, ұрпақтар сабақтастығының жалғастырушысы болып табылатын ұлттық құндылық. Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылдануы керек. Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет деп есептеймін.
Ендігі бір еліміздің өзекті мәселелерінің бірі – жетімдік мәселесі. Балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында осы санаттағы балалардың құқықтарын қорғау саласына қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды. Нәтижесінде балалар үйінің саны соңғы үш жылда 24-ке азайып, 122-сі қалғаны туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өкілдері ақпарат беруде. Сонымен қатар жетім балалардың саны жыл сайын 1000-1500 балаға азайып келеді. Қазір онда көп жағдайда үлкен балалар қалған. Патронаттық отбасы жүйесі іске қосылған. Қуантатын тағы бір жайт, соңғы үш жылда бірде-бір бала шетелге әкетілмеген екен.
Тағы бір көкейкесті мәселе – қарттар үйі. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға бұл орталықтардың қарашаңыраққа айналып бара жатқаны жанымызға батады.