Қазығұртта таңқурай мол өнім берді
Түркістан облысында жеміс-жидектің күзгі жиын-терім науқаны басталды. Қазығұрттық бағбандар үшін бұған дейін таңсық көрінетін таңқурай биыл мол өнім берді. Шаруалар биыл ауа райы қолайлы болды, және ағын судан да тапшылық көрмедік-дейді. Жидекке сұраныс та жоғары. Заңғар ауылында ерекше күтімді талап ететін таңқурай өседі. Әр үйде шағын бау-бақша жайқалып тұр. Биыл тұрғындардың тоқсан проценті таңқурай шаруашылығына бет бұрыпты. 15 соттық жер телімін игеріп отырғандардың бірі Сүлеймен Әбілов. Сүлеймен Әбілов, Заңғар ауылының тұрғыны: – Мына суымыз жақсы келетін суымыз. Сондықтан уражай жақсы береді. Ауыл салқындау келеді. Көп нәрсе егіп көрдік. Құлпынайдан бастағанбыз. Құлпынай уражай жақсы бермегеннен кейін таңқурайға өттік. Қазір болады жақсы. Істегенімізге жараса болады әйтеуір. Шағын шаруашылық отбасының басты табыс көзі. Жұбайы Саламат Қалыбекова, «Аядай жерден мол өнім жинау үшін аянбай еңбек ету керек»,-дейді. Яғни күтімі жақсы болса бір тоннаға дейін таңқурай жинауға болады. Тек ұсақ жидекті теру оңай емес, ыждағаттылық пен қол күшін талап етеді. Саламат Қалыбекова, Заңғар ауылының тұрғыны: – Мамыр айынан бастап бірінші өнімді теруді бастаймыз. Қатты пісіп, жақсы жетілгенде көршілерді көмекке шақырамыз. Салқын жерде сақтаймыз. Бұны базарға алып барғанымызда қиындықтар болады. Езіліп кетпесін деп. Саудалағаннан артылғанын өзіміз жейміз қысымен. Варенье істейміз. Заңғар ынтымағы ұйыған ауыл. Бағбандыққа бет бұрған көршілерін демеп, қажетті көшеттерін өздері дайындап береді. Жиын-терім науқанында да қол ұшын созып, көмек көрсетеді. Сондықтан Қазығұрт ауданында өсірілген таңқурайдың көп бөлігі осы ауылдан шығарылады. Әбдуманап Бөртебаев, Заңғар ауылының тұрғыны: – 10 сотток жерден бір сиырдың ақшасын табамыз. Көктемде, күзде сонда екі сиырдың ақшасы шығайын деп тұр. Осы ауылда қазір 170 үйге жақын үй бар. Соның негізгі күнкөрісі таңқурайдан болып жатыр. 2000 жылы ағын су шығарған болсақ қазір енді 20 га-дан астам ауылдың өзінде үй іргелік жерде таңқурай егілген. Ауданда 614 гектар жерге бау-бақша өнімі егілген. Оның 50 гектарын таңқурай мен құлпынай өнімі қамтиды. Дайын тауар көрші Сарыағаш ауданы мен облыс орталығына жөнелтіледі. Одан бөлек еліміздің оңтүстік аймақтарына да көтерме бағамен саудаланады. Марат Жолдасов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор жетекшісі: – Былтырғы статистикалық есеп бойынша 1 га 2 тонна таңқурай алдық гектарына. Қазір өзіміздің жүргізіп отырған есебіміз бойынша бірінші терімде 1,2 тоннадан алдық. Біздің көрші аудан Сарыағаш бар, Шымкент қаласы бар, әрі қарай Алматы қаласы мен облыс орталығымыз Түркістан қаласына саудалаймыз. Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші: – Соңғы он жылдықта ауылдық шаруалар бір алқаптан екі рет өнім жинау үшін таңқурайдың күтіміне ерекше мән берді. Өйткені «сұранысты өтеп, жерді тиімді игерудің жалғыз жолы осы» дейді олар.