ҚАЗЫҒҰРТ: ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН-АЛУ НЕГІЗДЕРІН БІЛЕ ЖҮРГЕНІҢІЗ АБЗАЛ
Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері төңірегінде орын алған оқиғалардың аз болмайтынын қазығұрттық полиция қызметкерлерінің берген деректерінен аңғаруға болады. Әсіресе учаскелік полиция инспекторлары түскен шақырту шағымдарының бірқатар бөлігі дәл осы мәселемен байланысты екенін айтады.
Еліміздегі жалпы әлеуметтік және экономикалық ахуалдың қазіргі кездегі жағдайында отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет проблемасы өте өзекті. Ел үшін күрделі кезеңде келеңсіз үдерістердің дамуы тұрақсыздандыру құбылыстарына әкеледі, сол сияқты отбасына да келеңсіз әсерін тигізеді.
Қазіргі заманғы отбасы көптеген қолайсыз, кейде тіпті криминогендік факторлардың аясында дағдарысты басынан кешіп отыр. Ер адам мен әйел арасындағы қарым-қатынастар заңды түрде бекітуді мұқтаж етеді. Ерлі-зайыптылар арасындағы өзара қарым-қатынастардың үйреншікті қалпы бұзылды: отбасы өз тұрақтылығынан айырылды, айырылысу ерекше фактіден қалыптыға айналды, ата-ананың ықпалы әлсіреді. Туыстар арасындағы даулар жиі қылмысты сипатта: ұрып-соғудан кісі өлтіруге дейін орын алуда.
Әке мен анаға, ата мен әжеге деген құрметтің бастапқы түп қазығы жоғалуда, мүмкін моральдық және этикалық құндылықтардың дағдарысы өскелең ұрпақтың тәрбиелілігінің деңгейіне әсерін тигізгендіктен шығар. Сондықтан қазіргі балалардың жағдайын «қаңбақ» синдромы ретінде белгілеуге болады. Өсіп келе жатқан ұрпақ қаңбақ өсімдігі секілді бір құндылықтардан алшақтады (кеңес кезеңіндегі тәрбие салдары), бірақ басқаларға, былайша айтқанда жаңа нысандағы «әке мен бала» қарым-қатынастарына әлі жеткен жоқ, себебі тіпті олардың ата-аналарының өздері қоғам өмірінің қазіргі болмысы аясындағы адамгершілік-этикалық көзқарасын анықтай алмай отыр. Біз шамалы адасу үстіндеміз, сондықтан бізге ұлы Абайдың «Қара сөздерінде» (бірінші сөз) айтып өткен жағдайды еске алуымыз жөн болар: «Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам…?».
Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық жағдайында, жалдамалы кісі өлтірушілер оғынан гөрі, туыстардың қолынан мерт болуы анағұрлым жиі кездесетіндіктен қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Кез келген тұлға, оның ішінде кісі өлтіруші (киллер) мен қарақшы тұлғасы да жанұяда қалыптасады, яғни сол жерде жасалатын, әсіресе құқыққа қайшы зорлық-зомбылық іс-әрекеттерінің маңыздылығы ерекше. Осындай жағдайларда отбасы адамның психологиялық қорғаныс орталығы рөлін атқара алмайды, тәрбиелеу функцияларын орындай алмайды. Отбасы ішінде зорлық-зомбылықтың орын алуы және осы себептен жеке тұлғаның бала кезінде қолайсыз жағдайда қалыптасуы көбінесе қатыгездікті тудырады, келешекте балалардың құқық бұзушылық әрекеттерін жасауына итермелейді, қоғамға адамгершілік жағынан орны толмас зиян келтіреді.
Сол сияқты отбасы ішіндегі агрессияның зияндылығы сол, жыл сайын жанжалды отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастардағы барлық кісі өлімінің үштен аса бөлігін өздерін қорғай алмайтын балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер құрайды. Зорлық- зомбылық әрекеттері ерекше қоғамдық пікірді қалыптастырады. Құқық қорғау органдарының, соттардың, денсаулық сақтау органдарының, әлеуметтік қамтамасыз ету органдарының қызметтеріне, отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына баспана ұстауына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне едәуір ақша қаражаты жұмсалады .
Қазақстанда отбасылық криминология жалпы криминологиялық ғылым арнасында қалыптасты. Ол қалыптасқан ұғымдар аппараты, ғылыми базасы мен белгілі зерттеу саласы бар әлеуметтік-құқықтық тәртіпті білдіреді, оның негізіне қылмыстылық пен отбасы институтының өзара тәуелділігі жатады.
Отбасылық криминология (отбасылық қарым-қатынастардың криминологиясы, криминофамилистика), жалпы криминологияның саласы бола тұрып, отбасылық саланыңкриминогендік факторларын және оларды айқындайтын қылмыстық мінез-құлығын, сондай-ақ қылмысқа қарсы іс-әрекет көрсету мақсатында оларға деген әлеуметтік ықпалын зерттейді. Криминофамилистика ең ірі криминологиялық проблемаларды отбасылық қарым-қатынастардың төңірегінде қарастырады. Бұл проблемаларға:
отбасы ішіндегі ер адамдардың және әйелдердің қылмыстық мінезқұлқын қоса алғанда, отбасы ішіндегі қылмыстар;
отбасының кәмелетке толмағандардың қылмыстылығына әсері;
отбасының пайдакүнемдік пен зорлық-зомбылықты қылмыскердің жеке басының қалыптасуына әсері;
отбасының қылмыстардың қайталануына әсері;
қылмыстардың жаппай молаюының отбасылық себептер тетігі;
отбасына ықпал ету арқылы қылмыстардың алдын алу жатады.
Ғылыми әдебиетте отбасы – тұрмыс пен өзара жауапкершіліктің ортақтастығына байланысты адамдардың некеге немесе қандас туыстыққа негізделген бірлестігі ретінде қаралады.
Отбасы ішіндегі қарым-қатынастардың деформациясын зерттеуде отбасылардың типологиясы маңызды рөл атқарады. Өзінің криминологиялық маңыздылығы бойынша отбасыларын сау, бейімделген және девиантты деп бөлуге болады:
Сау отбасы – бұл бұзылған экономикалық және әлеуметтік-психологиялық үдерістердің ықпалына түспеген отбасы, оның мүшелері толық дене, рухани және әлеуметтік әл-ауқатының жағдайында өмір сүруде. Осындай отбасылар арасында бақытты отбасылар қалыптасады.
Бейімделген отбасы – бұл отбасы ішіндегі қарым-қатынастары келісушілікпен, өзара түсіністікпен, тұрақтылықпен сипатталатын отбасы. Сау отбасына қарағанда, ол жайсыздау, бірақ оның заңға бағынатын мүшелері отбасының басқа мүшелерінің мүдделеріне, мінездеріне, дәстүрлеріне, қылықтарына сәйкес негізгі мұқтаждықтарын қанағаттандырады, шеттету жоқ, оларда тұлғааралық қарым-қатынастардағы даулылықтың, шиеленушіліктің төмен деңгейі ерекшеленеді, тұрмысы өте жоғары деңгейде.
Девиантты отбасы – бұл жоғары әлеуметтік бақылауды қажет ететін отбасы. Осы отбасы трансцендентті және сәтсіз болып екі түрге бөлінеді.
Әлеуметтанушылар ішкі істер органдары үшін профилактиканың маңызды объектісі болып табылатын, тұрмысы қолайсыз отбасыларды проблемалы (немесе әлеуметтен тыс отбасылар) және ұйымдастырылмаған деп шартты түрде бөледі.
Проблемалы отбасы (немесе әлеуметтен тыс отбасы) – бұл мүшесі (мүшелері) мүгедектікке, науқасқа, отбасы ішіндегі жанжалдар мен қатыгез қарым-қатынасқа, жұмыссыздыққа, сондай-ақ олардың өмір тіршілігін бұзатын өзге де мән-жайларға байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болған және проблеманы дербес шеше алмайтын отбасы. Отбасы ішіндегі қарым-қатынастардың шиеленісуі, өзара түсінушіліктің болмауы, бірге тұру жайлылығының жоқтығы отбасы ішіндегі және одан тыс саладағы жанжалдардан, заңсыз мінез-құлықтан байқалады.
Проблемалы отбасының өзі дағдарысты және криминогендік отбасы болып бөлінеді.
Дағдарысты отбасы – бұл күтпеген жағдайлардың пайда болуы салдарынан (өз күшімен еңсерілмейтін) мемлекет тарапынан жедел әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы. Оларға өртке ұшыраған отбасыларды, оқыс оқиға нәтижесінде ата-анасыз қалған отбасыларды жатқызуға болады.
Криминогендік отбасы – отбасылардың үш түрінен құрылған: жанжалды, әлеуметсізденген және қылмысты.
Жанжалды отбасы – бұл отбасы ішінде жанжалдардың болуы отбасының ішінде, сондай-ақ одан тыс жерлерде қылмыстардың белгілі бір түрінің жасалуына мүмкіндік туғыза алады.
Әлеуметсізденген отбасы – мүшесінің қылмыс жасауына мүмкіндік туғызатын не оған қарсы әрекет етпейтін отбасы.
Қылмысты отбасы – бұл заңға қайшы бірлескен әрекетке туысқандарды тартумен қылмысты топ болып жасалатын және олардың қылмыстық мінез-құлқын мақсатты түрде тудыратын отбасы.
Отбасылық зорлық-зомбылық отбасы ішіндегі тұлғалардың өзара әрекеттесуінің ең шұғыл жанжалды нысаны ретінде күш көрсету зорлық-зомбылығын, экономикалық, психологиялық және жыныстық зорлық-зомбылықты қамтиды.
Күш көрсету зорлық-зомбылығы – отбасы мүшелерінің және олармен келісіп өзге де адамдардың жәбірленушіге дене жарақатын келтіруі, сондай-ақ бас бостандығынан, үйінен, тамағынан және қалыпты өмірдің басқа да жағдайларынан айыруы, бұл жеке тұлғаның дене және психикалық денсаулығының бұзылуына, өліміне, ар-намысы мен абыройына зиян келтіруі мүмкін.
Психологиялық зорлық-зомбылық – жәбірленушінің ар-намысы мен абыройын қасақана кемсіту, оның өміріне қауіп төндіретін, денсаулығына зиян келтіретін немесе психикалық даму мен денсаулығының бұзылуына әкелетін қоғамдық қаупі бар әрекеттерді қорқыту, бопсалау, қорлау, алдау жолымен жасауға мәжбүрлеу.
Жыныстық зорлық-зомбылық – жеке тұлғаның жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу, сондай-ақ отбасы мүшесінің тарапынан педофилия фактілерін қоса алғанда, оның психикалық-жыныстық дамуын бұзатын өзге де іс-әрекеттер.
Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру, бұл дене саулығының және (немесе) психикалық денсаулығының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін .
Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл ұғымды профессор Д. А. Шестаков жақсы тұжырымдайды. Ол отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық қылмысы деп – отбасының бір мүшесінің басқа мүшесіне қарсы жасайтын, оның өміріне, денсаулығына, бостандығына, ар-намысына, абыройы мен жыныстық еркіндігі мен тәуелсіздігіне қол сұғатын қылмыс деп түсіндіреді.
Криминологиялық жағынан отбасы ішіндегі қылмыстардың қатарына ананың жаңа туған сәбиді өлтіруін қоса алғанда, заңды түрде тіркелген, сондай-ақ тіркелмеген отбасы ішінде жасалған қылмыстарды жатқызған жөн.
Қазіргі кезде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылық маңызды әлеуметтік проблемалар қатарына шығуда. Отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмысты мінез-құлық өзінің едәуір таралуына орай қоғамға елеулі зиян келтіреді.
Осы саладағы криминологиялық және қылмыстық-құқықтық зерттеулердің маңыздылығы адам құндылықтарының жүйесіндегі, адам тарихының өзінде отбасылық- тұрмыстық қарым-қатынастардың ерекше орнымен айқындалады. Бұл отбасы қоғам мен мемлекет тарапынан тұрақты әрі сенімді қорғауды мұқтаж ететін, қоғамның табиғи және басты ұясы ретінде әлем шеңберінен тануынан байқалады.
Отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылық мән-жайларын анықтау – маңызды әрі өте күрделі міндет. Криминологияда қылмыс себептерінің проблемасы әрқашан да ғалымдар мен практиктердің аса қызығушылықтарын туғызады, өйткені бұл проблеманы шешу криминологиялық теорияның ғылыми мазмұнын, оның қолданбалы бағыттылығын және құқық қорғау қызметінің негізгі жолдарын айқындайды.
Қазіргі кезде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылықтың детерминациялау проблемасын зерттеу қажеттілігі туды.
Жаһанды экономикалық дағдарыстың өзі де, өндірістің тоқтауы, жұмыссыздықтың өсуі және осының аясында отбасы мен ұжымда қалыптасып келе жатқан психоэмоциялық ахуал белгілі бір дәрежеде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылықтың детерминанты ретінде көрінеді, тіпті отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық қылмыстардың генезисі де өзгеруде, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың криминогендік факторлар жүйесі құқық нормаларын айтпағанда, этикалық және моральдық нормалардың барлыққырларын өшіреді, зорлық-зомбылық бағыттағы криминогендік факторлардың отбасына ықпал ету диалектикасы. Отбасы қолайсыздығының алуан түрлілігі және тіпті объективтік сипаттағы қолайсыз факторлар психоэмоциялық және денесіне тиіспеушілік құқығына қол сұғу түріндегі ауыр салдарларға әкеледі, бірақ біз үшін маңызды нәрсе – қазіргі кезде рухани қауіпсіздік бұзылуда және қазақ халқының бүкіл генетикалық қоры үшін қауіп төнуде. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының рөлі аса орынды.