ҚАЗЫҒҰРТ: СОҢҒЫ 3 ЖЫЛДА МҮЛДЕМ ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН АУЫЛ БАР

0
65

Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылдық округінде соңғы 2 жылдан бері ешқандай қылмыс орын алмаған. Оған себеп бұған дейін ауыл әкімі және жергілікті учаскелік полиция инспекторларының ұйымдастыруымен ауыл ақсақалдары мен билері, жергілікті тұрғындар өзара жиын өткізіп, спирттік ішімдіктен мүлдем бас тарту жөнінде шешім қабылдаған. Бұл ауыл тұрғындары мен жастарының салауатты өмір салтын ұстанып, имандылықты ту етуіне үлкен қадам болды.
Бүгінде Шарбұлақ ауыл округі – «Үлгілі ауыл» санатына енгізілді. Осыған орай ауыл орталығындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Жиынға аудан, Түркістан облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбеков қатысты. Шара барысында ауыл тұрғындарына арнайы «Үлгілі ауыл» сертификаты табысталып, алғыс хат берілді.
Бәрімізге белгілі, 2015 жылы Қазақстан Республикасында жаңадан Қылмыстық кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа кодексте қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай 2 түріне, яғни қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінген. Осы Кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады. Ал қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады. Жаза дегенiмiз – ол сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) қоғамдық жұмыстарға тарту; 4) қамаққа алу қолданылуы мүмкiн. Ал, қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) бас бостандығын шектеу; 4) бас бостандығынан айыру; 5) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн. Сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар: 1) мүлкін тәркілеу; 2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; 3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; 4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.

Leave a reply