Четверг, 19 сентября

ҚАЗҒҰРТ: ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ ДЕРТІ

0
55


Қазығұрт ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық –демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен аудандық Ардагерлер кеңесі, Әжелер алқасы және аудандық «Аналар асыл жандар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Сәрсен, «Кемел-Ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Әлімбеков, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығының «Отбасын қолдау» бөлімшесінің меңгерушісі А.Қалботаевтардың қатысуымен 22-23 мамыр күндері Қызылқия, Қақпақ, Тұрбат, Шарбұлақ және Қазығұрт ауыл округтерінде неке мен отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесі, жасөспірімдермен және жастармен жұмыс жүргізудің балама әдістері, отбасындағы бейбітшілік — зорлық-зомбылықсыз қоғам тақырыптарында тұрғындармен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жиыны өтті. Атаулы жиын барысында ауыл тұрғындарымен сұрақ-жауап, жан-жақты пікір алмасу жүргізілді. Қазіргі кезде бүкіл әлемде ата-аналардың және де өзге ересектердің балаларға зорлық-зомбылық және қатігездік көрсету, оларды ауызша агрессияға тартуы, кәмелетке толмағандарға жыныстық, эмоционалды және физиологиялық зорлық-зомбылық көрсетулері проблемаға айналып отыр.
Әрбір бала үшін ең қауіпсіз орын – оның үйі, отбасы. Өйткені бала көңілі осы жерде мені жақсы көретін, маған қамқор болатын, қорғайтын адамдар тұрады деп ойлайды. Өкінішке орай, балалар өз үйінде қамқорлықты сезе алмай, керісінше жәбір көріп, соққының құрбанына айналып жататын жайттар жиі кездеседі.
Қазақстанда бұл жағдай ауыр, өйткені балалар мен жастар тәрбиесі үнемі реформалау талаптарымен жүзеге асып отыр, яғни білім беру мекемелерінің ,бұқаралық ақпарат құралдарының, жастар және балалар қоғамдық бірлестіктерінің қызметтері және жас буынның барлық әлеуметтік өмірі өзгеріп отырады. Балалар мен жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан және қатігездіктен қорғау, оларға қатысты қылмыстың алдын алу шешімі тәртіп аралық сипатты иеленетін маңызды, әлеуметтік мәні бар және өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Жәбірлеудің негізгі үш түрін атап көрсетуге болады:
1.Физикалық жәбірлеу – баланың тәніне денсаулығына зиян тигізетін, дамуын тежейтін немесе өлімге душар ететін түрлі жарақаттар салу, зақым келтіру. Физикалық жәбірелеуге ұрып-соғу, азаптау, миын шайқау, шапалақпен ұру, шымшу, желкеден қойып қалу, түртпектеу, соққы жасау жатады.
2.Психологиялық (эмоционалды) жәбірлеу – үнемі немесе кей кездері балаға сөзбен немесе сөзсіз (яғни, сөзбен болмаса басқа әдістер арқылы білдіру) жәбір көрсету, ата-ананың қорқытып-үркітуі, кемсітуі, жақсы көрмейтінін не жақтырмайтынын білдіруі. Мұның салдарынан бала ересек адамға немесе өзіне деген сенімінен айырылады.
3.Сексуальдық жәбірлеу – Екінші жақтың келісімінсіз жасалған жыныстық қатынас немесе жыныстық қатынас жасамаса да, екінші жаққа еркінен тыс сексуалдық сипат алатын әрекеттер жасау .
Зорлық-зомбылықты алдын-алу үшін құқық қорғау, қамқоршылық және қорғаншылық қызметкерлері ,әлеуметтік және психолог мамандарын жұмылдыру тиіс. Қазіргі таңда мектепте, емханада әлеуметтік қызметкерлер мен психолог мамандары және әр аймақтың учаскелік полиция қызметкерлері жұмыс жасауда.
Зорлық-зомбылық болған жағдайда не істеуге болады?
Ең алдымен балалардың заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін білу қажет. Әрбір бала полицияға арыздана алады. Заң бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау істеті арыз бермей-ақ қозғалады. Егер қандайда бір себептермен кәмелетке толмаған баланың полицияға баруға мүмкіндігі болмаса анасына, достарына, мұғалімдерге оқиға туралы айтуы қажет немесе сенім телефоны «150 CaLL — центріне» және 111, 8-7252-45-03-03 қоңырау шалуға болады.
Әлемде қазіргі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырған – бұл жасөспірімдердің, балалардың зорлық – зомбылыққа ұшырауы. Барлық балалар үйінде, мектепте және басқа да қоғамдық мекемелерде күнделікті қатыгездікпен және зорлық – зомбылықпен ұшырасып отырады. Баланың болашақта қандай азамат болуы оның мектепте, отбасында қоршаған ортада алған тәрбиесіне байланысты. Балалар да, ересектер сияқты сыйлау, қол тигізбеу және адамзаттық абыройын сақтау құқықтарына ие, сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы мен Азаматтық саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы көзделген заң тарапынан да тең қорғау көрсетілуіне құқылы.
Бала өз ата – анасының тәрбиесін алуға, өз қызығушылықтарын жан – жақты дамуын қамтамасыз етуге құқылы. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 137-бабы кәмелетке толмаған баланы ата-анасының немесе осы міндет жүктелген басқа адам, сонымен қатар педагог немесе оқыту, тәрбиелеу, емдеу не кәмелетке толмаған баланы қадағалау міндеттелген басқа да мекеменің қызметкері тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін атқармағаны үшін шара қолдануды қамтиды.
Зорлық – зомбылық тақырыбы мектепте тәрбие сағаттарында қаралып, ата-аналар үй жағдайында баласының қатеріне сала отырып, оқушыларға зорлық – зомбылық туралы мағлұмат беруі, ол адамның ең жаман қасиеті екенін түсіндіріп отыруы қажет. Адамның ең басты құндылығы оның бостандығы, олай болса оқушыларға адамзаттық құқықтары мен бас бостандықтарын қорғауы туралы санасына сіңіріп, тәрбиелеуі аса маңызды іс. Зорлық –зомбылық адам ағзасына тікелей әсер ететінін, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстап, ондай әрекеттерге бармауға тәрбиелеу немесе ондай әрекеттерден сақтандыру адамгершілігі мол саналы азамат болып өсуіне ықпал жасау барлығымыздың міндетіміз.
Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін- бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі – заңдылық. Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы. Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – Конституциялық заңдылықтың басты талабы. Қазақстанда салауатты өмір
салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамулары үшін ауыр машақат болып табылады. Әсіресе, өмір жағдайында түрлі соққылар, зорлық – зомбылық жағдайы көп кездеседі. Балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу және бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыстарды өткізу бүгінгі күннің басты талабы болып табылады. Адамға зорлық көрсетудің екі түрлі жағы бар. Олар: Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, тағы басқа. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін.
Жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Көп уақытта балалардың өміріне балта шаппау мақсатында, олардың кішігірім қылмыстарын жауып тастауға, ешкімге айтпауға тырысамыз, бірақ, қазіргі қоғамның қажеттілігі сол жағдайлардың айтылып, оқушының түпкілікті бақылауға алынуын қажет етеді.
Азаматтық – патриоттық тәрбие мен зорлық – зомбылық екеуін қатар қарауымыз керек. Егеменді елдің азаматын тәрбиелеуде әр тәрбиешінің, әр ұстаздың ең басты мақсаты – дені сау, ұлттық сана – сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениеті, парасаты, ар – ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында игі қасиеттері бар адамды тәрбиелеу болса, бүгінгі қоғамда жас ұрпақтың бойында зорлық – зомбылық жасауына жол бермеу, өзін – өзі қорғай білуін қалыптастырудың, оқушыларға осы патриоттық сезімдерді жеткізе білсек, оқушының көкейіне патриотизм туралы ой сала білсек, үлгі көрсетсек, онда заманға сай, қоғамға керекті азамат, отансүйгіш, елін сүйгіш азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз деген сөз.

Leave a reply