Қайнаған жұмыс жаңарған Түркістанның тынысы
Түркістан шаһарында тынымсыз жұмыс басталғалы төрт жылдан асты. Бұрын жұмыс болмады, тіпті болған жоқ деп айтудан аулақпыз. Біздің айтпағымыз облыс орталығы болғалы шаһар қайнаған жұмыстың алып қазанына айналды.
Тіпті әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай оң өзгерістер болды десек қателеспейміз. Енді бір сөзбен айтқанда шаһардың түрленуі мен дамуында ілгерлеушілік мол.
Соңғы жылдары барша жаңалықтар мен ерекше шаралардың дені осы киелі шаһарда орын алып отыр. Қалай болмасын облыс орталығы ретінде дамудың жаңа үлгісін көрсетіп жатқаны анық.
Біз төменде соңғы уақыттарда Түркістанда болған ерекше деген шаралар тізбегін еске түсіріп, оның мәні мен маңызы хақында толғанып көруді жөн санадық.
«Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны Түркістанда мәресіне жетті
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті. 1200 шақырымды 11 күнде бағындырған батырларды Түркістан төрінде ел құрметпен қарсы алды. Бәйгенің жеңімпазы атанған Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына 24 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын атанған Жетісу өңірінің «Жетісу» командасына 12 млн. теңге жүлде тарту етілді. Мәреге үшінші болып жеткен Түркістан облысының «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн. теңге сыйақыны қанжығаларына байлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында және марафон-бәйгенің ашылу рәсімінде жолдаған құттықтау хатында бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, ұлттық спортты жаңғырту арқылы рухани серпіліс әкелу басты мақсат екенін айтқан болатын.
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтыған тұңғыш жалпыреспубликалық ат аламаны. Бәйгеге қатысқан шабандоздар Қазақстанның киелі мекендерін аралап, күллі түркі жұртының астанасы болған Түркістан қаласында ат басын тіреді. Мәреге жеткен қатысушыларды Түркістан жұртшылығы үлкен қошеметпен қарсы алды. Жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, Sportqory директоры Асхат Сейсембеков қарсы алып, сертификат пен медальды тарту етті. «Түркістан арена» стадионында өткен жабылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жобаның өміршең боларына сенім білдіріп, шабандоздардың ерлігін жоғары бағалады. Салтанатты шарада сөз алған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов дала дәстүрі мен Ұлы көшпенділер мәдениеті қайта жаңғыруымен құттықтады.
– «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон-бәйге додасы 18 қыркүйекте Елордамыздан басталды. 11 күн бойы Ұлы Даланы көктей өтіп, бүгін Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреді. Марафонға қатысушылар күллі қазақ тайпаларының басын қосып, таңбасын бөліскен Ұлытау жерінен өтті. Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне тағзым етті. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен қарт Қаратауды бойлай отырып, күллі түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласына жетті. Киелі Даланың рухын сезінді. Жобаны ұйымдастырушылар мен додаға қатысушыларға алғысымыз шексіз. Ұлы даладағы жорығымыз жалғаса берсін! – деді Асхат Раздықұлы.
Жеңімпаздарды қарсы алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да ұлттық спорт жанашырларын құттықтады.
– Бүгін біз қазақ руханияты мен спорты үшін аса маңызды жиында бас қосып отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны қасиетті қаламызда мәресіне жетті. Бұл – Түркістан өңірі үшін үлкен құрмет әрі мәртебе. Жалпы соңғы уақытта Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, жаңа спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Осы арқылы өңірде спортшы жастар, чемпиондар көбейеді деген сенім мол. Екі аптадай үздіксіз жортып, қиындықтарға мойымаған шабандоздарға айрықша алғыс айтамын. Өйткені біздің атбегілеріміз бен шабандоздарымыз 1200 шақырымды басып өтіп, ерлік жасап отыр. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін. Азаматтарымыз аттан түспесін! Халқымыздың мәртебесі биіктей берсін! – деді Д.Сатыбалды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының бастамасымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен 18 қыркүйек күні Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылған аламанға елміздің 19 аймағынан келген 19 команда қатысуға ниет білдірген. Шабандоздар 11 күн ішінде 1200 шақырымды артқа тастап, бүгін Түркістан қаласында жарысты аяқтады.
Мектептерде алғаш рет «Е-Асхана» пилоттық жүйесі іске қосыла бастады
Түркістан қаласында «Е-Асхана» пилоттық жүйесі іске қосылмақ. Осы орайда, Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі мен №28 мектеп-лицейі таңдалып алынған. Жобаның тиімділігі – балаңыздың мектепте қандай сусын немесе тағам тұтынғанын ұялы телефоныңыздағы қосымша арқылы көре аласыз.Пилоттық жобаны егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында аталған мектептерде кездесу өтті. Жиынға мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты. Көпшілігі жүйенің тиімділігі жоғары екендігіне сенімді. Солардың бірі – екі перзенті бастауыш сыныпта білім алатын Ақтолқын Ержігітова.
Жоба жүзеге асырылса, ұл-қызының мектеп асханасынан сатып алған асын қадағалап, тіпті күнделікті қаражат беру шегін белгілеуге болады.«Жүйенің пайдасы орасан екені көрініп-ақ тұр. Арнайы мамандар мектептерде құрылғыларды таныстырды. Түркістандық балалар цифрлық жүйеге үйренуі керек. Жалпы қалалардағы мектептерде орнатылған жүйе республикамызда көң көлемде танылып, қолданыста», – дейді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова.«Е-асхана» менеджері Әлібек Қалдыбековтің айтуынша, ата-ана баланы жүйеге тіркегеннен соң QR-код беріліп, баланың күнделікті тамақтануына арнап ай сайын немесе күн сайын мүмкіндігіне қарай ақша салып қояды. Оқушы асханаға QR-код арқылы төлем жасайды. Тиісінше, ата-аналары баланың қандай тағам мен сусын алғанын, бағаларын, құрамын бақылауда ұстау мүмкіндігі бар.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында мектептер салынады
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.
– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын. Екіншіден, құрылысы кешеуілдеп жатқан білім ұяларын қадағалауға алып, жұмысын жандандырыңыздар. Әрбір мердігер мектептерді уақтылы әрі сапалы тапсырулары керек. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мәселесі де назарда тұруы тиіс,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады.
Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.
Алғаш рет «Ұстаз барысы» Түркістанда өтті
Түркістанда ерекше турнир өтті. Қазақ күресінен тұңғыш рет «Ұстаз барысы» додасы ұйымдастырылып, мықты балуандар анықталды. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – қазақ күресін дамыту және ұстаздар арасында саламатты өмір салтын насихаттау.Қорытынды сайысқа 17 аудан және қалалық іріктеу жарыстарынан 7 салмақ бойынша бірінші орын алған 119 ұстаз қатысты. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Отырар ауданы көш бастады.
Бәйдібек ауданының балуан ұстаздары екінші орынды місе тұтса, Кентау қаласының командасы үздік үштікті қорытындылады. Жүлделі орын алған командаларға медаль мен кубок берілді.«Түйе балуандар» сынында Төреқұлов Асқар (Отырар ауданы) доданың «Түйе балуаны» атанды. Екінші орынға Мақсат Рақышев ие болса, үшінші орын Ербол Әбдіхановқа бұйырды. 3 балуанға да қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында биыл алғаш рет өткен «Ұстаз барысы» турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Маңызы мен мәні ерекше «Turan» интелектуалды сайысы
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен республикалық “TURAN” интеллектуалды ойыны өтті.Сайысқа Алматы, Шымкент қалалары, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келген 44 команда өзара бақ сынасып, финалға 8 команда жолдама алды.
Тартысты додада Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов барша қатысқан ойыншыларға алғысын білдіре отырып, командаларға сәттілік тіледі.Көпшіліктің көзайымына айналған сайыста бас жүлдені 1 000 000 миллион теңге сыйақысымен Сайрам ауданының “ЭРУДИТ” командасы иеленді. I орынды “КЕНТАУ ЗИЯТКЕРЛЕРІ” командасы жеңіп алып, 700 000 мың теңгені олжалады.
Сондай-ақ Жамбыл облысының қос командасы жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иемденді. Бұл ретте, II орынды алған “DREAM TEAM” командасы 500 000 мың теңгені қанжығасына байлады. III орын “CHICAGO BULLS” командасына бұйырып, 300 000 мың теңгені еншіледі. Ойынға қатысқан Жаңабек Хамраев “Үздік білімгер” номинациясымен, Айбек Ташкенбай “Үздік топ басшы” номинациясымен марапатталып, қос ойыншыға 250 000 мың теңгелік сертификат табысталды.
Түркістанда алғашқы гастрокартасы таныстырылды
Түркістан облысында алғаш рет «GASTRO FEST TURKISTAN – 2022» ауқымды фестивалі өтті.
Облыс орталығында өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, фестиваль аясында халықаралық туризм күніне байланысты сала қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Гастрофестиваль – Түркістан қаласының көрнекі белгісіне айналатын, өңірдегі қоғамдық тамақтандыру саласын дамытуға және гастрономиялық брендін қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған аймақтағы ауқымды аспаздық шара.
Қаланың 25-тен астам мекемесі гастрофест қонақтарына ұлттық, жергілікті және көше тағамдарын, десерттер мен сусындар дайындады.
Фестивальдің айрықша ерекшелігі – авторлық рецепт бойынша дайындалған көше тағамдары форматындағы дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Фестиваль мәзірінде қонақтар қайта ойластырылған әлемдік хиттерді де сынап көрді.
«Жергілікті халықтың гастрономиялық өнерін насихаттауға бағытталған фестиваль өңіріміздің шебер аспаздарының дәстүрін жалғастыруға оң серпін беру мақсатында ұйымдастырылуда», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөзінде.
“Жібек жолы” саябағындағы іс-шараға 2 мыңнан астам қонақ қатысты. Гастрофестиваль аспаздардың концерттері, ойындары, конкурстары, шеберлік сыныптары бар бай мәдени бағдарламамен жалғасты.
Сондай-ақ “Open Turkistan” туристік ақпараттық орталығы іс-шара барысында Түркістанның алғашқы гастрокартасын таныстырды. Картада туристерге баруға ұсынылған қала мекемелері туралы ақпарат бар. Бұл картадан, мысалы, нағыз түркістандық самсаны, Оңтүстік кебабын, қазақ тағамдарының көне рецептерімен әзірленген тағамдарды немесе жергілікті фаст-фудты қайдан көруге болатынын білуге болады.
Гастрокарта туристерге арналған нұсқаулық қана емес, сонымен қатар мейрамханалар мен кафелерге бару үшін жеңілдік купондарының жинағы. Барлық купондар жыл соңына дейін жарамды.
Айта кетсек, гастрофестиваль қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары фестивальдің жыл сайын дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
Шаһарда алғаш рет ТМД-ның денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық кеңесінің отырысы өтті
Түркістанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің мерейтойлық, 35-ші отырысының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті ұйымдастырды.
Іс-шара 1992 жылғы 26 маусымда құрылған кеңес шеңберінде ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының 30 жылдығы белгісімен өтуде. Достастықтың 10 елі — Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина халық денсаулығын сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Бұл отырыс 2022 жылы Қазақстан Республикасының ТМД-ға төрағалығы шеңберінде өткізіледі.
Іс-шараға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлері, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Х.Клуге, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің өкілдері қатысады. ТМД-ның 8 елінен барлығы 70-ке жуық қатысушы.
Отырысты ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылы Қазақстан Республикасы Беларусь Республикасы мен Қырғыз Республикасының тең төрағалығы жанындағы ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңеске, Кеңес мүшелерінің, базалық ұйымдар мен комиссиялар басшыларының, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің белсенді қолдауына төрағалық еткенін атап өтті. Ағымдағы жылы Кеңес аясында 24-тен астам іс-шара өткізіліп, 100-ден астам мәселе қаралды.
«Кеңестің халықаралық ынтымақтастығы медициналық ғылым мен практиканың өзекті мәселелерін шешуде үкіметаралық ұйымдардың, жекелеген медициналық мекемелер мен мамандардың күш-жігерін біріктіру мақсатында Денсаулық сақтау мен медицина ғылымы проблемаларының кең спектрін қамтитыны жөн. Біздің халықаралық әріптестеріміз дәстүрлі түрде Парламентаралық ассамблея, ДДСҰ, ЮНЕСКО, ЕЭК және ТМД-ның басқа да ұйымдары болып табылады.
Сондай-ақ, ол Кеңестің COVID-19-ға қарсы іс-қимыл, туберкулездің таралуы, инфекциялық қатерлерге қарсы күрестің бірыңғай өңірлік жүйесін қалыптастыру, онкологиялық патологиясы, қант диабеті бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, трансфузиологиялық көмекті дамыту және электрондық денсаулық сақтауды дамытудағы жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, А.Ғиният COVID-19-ға қатысты жағдай электрондық денсаулық сақтау мен телемедициналық коммуникацияларды дамыту бойынша өзара іс-қимыл туралы шешімнің дұрыстығын растағанын атап өтті.
«Электрондық денсаулық сақтауды дамыту жақын болашаққа арналған стратегиялық мақсат болып табылады. Осыған байланысты электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін одан әрі дамыту және ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің трансшекаралық өзара іс — қимылын қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігі, оның ішінде телемедициналық консультация жүргізу бөлігінде ерекше мәнге ие болады», — деп толықтырды ҚР ДСМ басшысы.
Электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобы 2002 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде телемедициналық технологияларды қолдана отырып, медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде құқықтық реттеу мен бағдарламалық – техникалық мүмкіндіктерге салыстырмалы талдау жүргізді.
Осы талдаудың нәтижелері бойынша кеңес одан әрі ынтымақтастықты қандай бағыт бойынша дамыту керектігін айқындауы қажет.
«Құрметті кеңес мүшелері, комиссиялардың, базалық ұйымдар мен жұмыс топтарының құрметті басшылары, сіздердің қолдауларыңыз бен бірлескен күш-жігеріңіздің арқасында биылғы жылы біз бірқатар мәселелерді шешіп, Достастық мемлекеттері азаматтарының денсаулығы үшін нәтижелі жұмыс жасай алдық!»- деп қорытындылады А.Ғиният.
Сондай-ақ отырыс барысында қатысушы елдердің тиісті ведомстволарының өкілдері құттықтау сөз сөйледі, олардың ішінде Армения денсаулық сақтау министрінің орынбасары Артак Джумаян, Беларусь Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру бас басқармасы басшысының орынбасары – мамандандырылған медициналық көмек басқармасының бастығы Татьяна Санукевич, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Гүлнара Баатырова, Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Бехзод Мусаев, Ресейдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Михаил Мурашко, Тәжікстан Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Абдухолик Амирзода.
Іс-шара барысында қатысушылар қант диабетінің, онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу, туберкулездің таралуының алдын алу бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылайды деп жоспарлануда.
Отырыс аясында көптеген сұрақтар COVID-19-ға қатысты тақырыптарға арналады, олар: коронавирустың өршуі кезіндегі психикалық денсаулық және психоәлеуметтік қолдау, пандемия кезінде пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде медициналық қызметкерлердің эмоционалды күйзелісі, сондай-ақ COVID-19-бен ауыратын науқастардағы психикалық бұзылулардың алдын алу, диагноз қою, емдеу және қалпына келтіру.
Отырыста сондай-ақ ұлттық қан қызметтерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, ТМД аймағында тұрақты даму мақсаттарын орындау, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және емдеу, цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті арттыру және т. б. мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Сонымен қатар, отырыста 2022-2025 жылдарға арналған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдаудың Жол картасы таныстырылады.
Айта кетері, форум аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзбек әріптесі Бехзод Мұсаевпен екіжақты кездесу өткізіп, оның барысында 2023 жылға дейін денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын дамыту бойынша Жол картасына қол қойылды.
Бұдан әрі отырысқа қатысушылар ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер делегацияларының басшылары атынан «ТМД елдерінде денсаулық сақтау қызметкерлері үшін ынталандыратын жұмыс ортасын құру және жану проблемасын шешу» тақырыбындағы ток-шоуға қатысты.
Жаңа форматты хқко бөлімшесі ашылды
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің “Бекзат” мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуінде сектор аумағынан Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу бойынша тұрғындар мәселе көтерген болатын.
Осы мәселеге қатысты қала әкімі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы филиалының директоры Бахыт Басымбекке ұсыныс жолдап, ел тілегін жүзеге асыру үшін қолдау білдіруге шақырды.
Ынтымақты тірліктің нәтижесінде бүгін үш бірдей сектор тұрғындарына қолайлы жерде жаңа форматтағы “New” Цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.
Аталған нысан Төле би көшесінде орналасқан. Цифрлық ХҚКО-да енді “Шауғар”, “Бекзат” ,“Сауран” мөлтек аудандарының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін иеленді.
Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма аппаратының басшысы Қуатов Қуандық қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
“Цифрлық ХҚКО-да қызмет көрсететін операторлар болмайды, адамдардың цифрлық қызметтерді алу сауатын ашу орталығы ретінде қызмет жасайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей үйінде не басқа жерде қызметтерді ала алады”-деді басқарма аппаратының басшысы Қуандық Қуатов.
Бұл заманауи үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі. Мұнда азаматтар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді пункттер, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен электрондық өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты рәсімдеп, цифрлық сауаттылық дағдыларын шыңдай алады.
Сонымен қатар, орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шақыру батырмасы және жеке терезе жұмыс істейді. Балалары бар келушілерге ана мен бала бөлмесі де қарастырылған.
Алғаш рет ми ісіктерін емдеуде мультидисциплинарлық тәсіл жүзеге асырылды
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында алғаш рет ми ісіктерін емдеуде мультидисциплинарлық тәсіл жүзеге асырылды. Барлық оталар нейронавигациялық жүйенің көмегімен және мидың функционалды маңызды аймақтарының, атап айтқанда ми бағанасының және артқы бас сүйек шуңқырының бас сүйек-ми нервтерінің үздіксіз нейромониторингін бақылау арқылы жасалынды.
Бұл нейрохирургиялық оталар «Leica Microsystems» компаниясының заманауи операциялық микроскопы көмегімен орындалды. Отаны нейрохирург, м.ғ.д., профессор Серік Дүйсенбіұлы, нейрофизиологиялық мониторингті Алматы қаласындағы ОКА дәрігер-невропатологы Махмұт Мұратұлы жүргізді.Бірінші науқаста мидың оң жағы шеткі аймағының алдыңғы бөлігінің экстрааксиалды көлемді ісігі болды. Науқасқа отаның күрделі тәсілін қолдана отырып, хирургиялық көмек көрсетілді. Тағы бір науқаста миының IV қарыншасының түбінің көлемді ісігі болды. Жасалған барлық ота асқынусыз өтті. Күрделі ота арқасында қауіпті ісіктен арылған емделушілердің жағдайы қалыпты.
Түркістандық кітапханашы республика бойынша жылдың үздік кітапханашысы атанды
Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы екі бірдей жетістікке жетіп отыр. Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында өтіп жатқан «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» ұйымының отырысында облыстық кітапхана директоры Жанат Шардарбекова «Жыл кітапханашысы – 2022» атағымен марапаттады. Оны «Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова тапсырды. Бұл мәртебе еліміз бойынша 20 мыңға жуық кітапханашының арасынан жылына тек бір кітапханашыға беріледі.
– Жыл сайын Одақтың кезекті отырысы ұйымдастырылып, түрлі мәселелер талқыланады. Биылғы жиында ҚР Мәдениет туралы Заңының 24-ші бабы – кітапхана ісі бойынша өзгеріс енгізу туралы қарастырылып, кітапханашылар өз ұсыныстарын білдірді. Әрі қарай Заң жобасы Парламентке ұсынылатын болады. Аталмыш номинацияға лайықты деп таныған басшылыққа алғысым шексіз. Бұл арқылы үлкен жауапкершілік, сенім артылды. Бұл – Түркістан облысындағы 395 кітапхананың бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі, – деді Жанат Сәдібекқызы.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Ерекше кітаптар әлемі» жобасы аясындағы «Кеңістікте бағдарлау» республикалық байқауы да аяқталды. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы III орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды. Екі ай көлемінде зағип, көзі нашар көретін балаларға арналған тактильді кітаптарды кітапхана қызметкерлері Алия Жұмабек пен Дана Байдәулетова, Сұлтанбекова Айнұр өз қолымен тіккен болатын.
Айта кетейік, халықтың рухани игілігі үшін еліміздің кітапхана ісін нығайту жолында күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген руханият шырақшылары жақын күндері кәсіби мерекелерін тойлауы мүмкін. Яғни, елімізде 24 қазан –Кітапханашылар күнін атап өту жоспарлануда.
Түркістан театрында «Еңлік-кебек» спектаклі қырғыз тілінде сахналанды
Киелі шаһарға Қырғыз елінің театр саңлақтары гастролдік сапармен келді. Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры «Еңлік- Кебек» шығармасын қойды. Замананың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай, сонымен қатар Қырғызстанның Халық әртісі Нүркен Тұрсынбаевтың 80 жылдығы аясында өткен кешке ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты.
– Қазақ пен қырғыз бір туған ел. Бізге ұлы өнер мен мәдениет те, әдебиет те ортақ. Бүгінгі қойылымның авторы, қазақ халқының жазушысы Мұхтар Әуезовті қырғыз жұрты да ерекше құрметтейді. Біріншіден, «Манас» жырының сақталуына үлкен септігі тиді. Екіншіден, Шыңғыс Айтматовты әлемге танытқан тұлға, – деген Бас хатшы қос театрға арнайы сый тапсырды. Ал Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы Түркістан төрінде өнер көрсеткен қырғыз ағайындарға алғыс білдіріп, түбі бір түркі елдері арасындағы осындай қадамдар өзара ынтымақтастық пен мәдени-рухани байланысты нығайтуға, өнерпаздардың тәжірибе алмасуына ықпал етеді деді.
Қоюшы-режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Н.Мендебаиров. Қойылымда XVII ғасырда өмір сүрген қос ғашықтың мөлдір махаббаты, Кебек пен Еңліктің арасындағы сезім, руаралық қақтығыстар, Нышан атты абыз әулиенің хикаяның соңын болжаған көрегендігі, кикілжіңнен пайда іздеген екі ру билерінің жауыздығы, сондай-ақ Еңлікті күтіп отырған Жапал атты жетім қойшының арманы бейнеленген.