ҚАЛАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ БАРШАҒА ОРТАҚ
Түркістан – облыс орталығына айналғалы бесінші белес. Осыған сәйкес қаланы дамытудың бас жоспары түзілген болатын. Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленген. Осы ретте қалада көптеген жұмыстар атқарылуда.
Қаладағы саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, деп шегелеген болатын өңір басшысы Дархан Сатыбалды. Кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралаған облыс әкімі жауапты басшылар мен мердігерлерге нақты тапсырмалар берген болатын.
Иә, қалада қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр екен.
Ресми деректерге қарағанда, қаланы жасыл қалаға айналдыру, қала тұрғындарын жайлы тұрмыс деңгейіне жеткізу бойынша бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Жалпы, Түркістан қаласының қазіргі таңдағы көгалдандыру жұмыстары мен күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда, аумағы 626 га құрайды. Оның ішінде: Саябақтар бойынша – 32 нысан 318 гектарды; скверлер, бульварлар – 32 нысан, 59 гектарды, жасыл аймақтар мен көше бойлары – 47 нысан, 189,4 гектарды құрайды. Ал, жалпы қала көшелерінің бойында орналасқан жасыл желектер мен ағаш көшеттеріне келсек, олардың ұзын саны – 154 көше, яғни 59,4 гектарды құрайды. Жалпы қала аумағындағы нысандарды күту жұмыстарын 2500 жұмысшы тартылған және оларды сапалы атқару үшін 450 техника іске қосылған.
Қала ішіндегі 22,5 шақырымды құрайтын ирригациялық арықшалар іші толықтай тазаланған. Қала ішіндегі көгалдарға және басқа да қажетті аумақтарға су апару үшін қажеттілігіне қарай «Жасыл Түркістан» мекемесі қызмет атқаруда.Тал-дарақтарды суаруға жаз маусымында су жетіспеуінің алдын алу үшін шаһардағы жасыл алқапты суарудың гидранттық жүйесіне көшірілуде.
Шаһарды абаттандырудың бір бағыты – тұрғындарды жайлы тұрмыспен қамтамасыз ету болмақ. Осы ретте өткен жылы балалар жылына орай, қала көлемінде тұрғындардың өтінішімен 10 жерге спорт алаңшалары мен ойын алаңшалары салынған болса, биылғы жылы сол үрдісті жалғастыру үшін 25 жерге спорт алаңшасы мен ойын алаңшасын салуға бюджет есебінен қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда бұл бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары басталып кетті. Қала ішіндегі және көп қабатты үйлер аулаларындағы спорт алаңдары мен ойын алаңдары соңғы үлгідегі техникалық нормаларға сай келетін ойын элементтерімен қамтамасыз ету көзделген.
Осы ретте ойын алаңшалары мен спорттық алаңшалардың пайдалану жайын білмек болып қала тұрғындарымен тілдескен едік.
– Ауламызға ойын алаңшалары өткен жылы салынды. Балаларымыз ойын алаңшасында түрлі әткеншектер мен каруселдердің қызығын көріп жатыр. Ересектерге белсенді де саламатты өмір салтын ұстану үшін жағдай жасалып, ауламызға спорт және ойын элементтері орнатылды. Алайда, жарты жыл болмай жатып, солардың бірнешеуі істен шығып жатыр. Сапасы төмен және бір-бірін қайталайтын элементтер. Менің құрбым, «Отырар» мөлтек ауданында 21 үйде тұрады. Қонаққа барғанда байқағаным ол жақтағы ойын алаңшаларындағы элементтердің ассортименті өте бай. Неше түрлі жаттығуларға арналған құрылғылар қойылған және өте сапалы. Оларды ашық аспандағы тренажер алаңы деуге келетіндей. Жалпы, әкімдікке алғысым шексіз. Аяқ жолдар сапалы жасалды, үйдің маңында шаңғып, шөп басып бос жатқан жерлерге асфальт төсеп, автотұрақ орындарды кеңейтті. Тазалық мекемесінің жұмысшылары дамыл таппай күндіз-түні айналаны тазалап жүр. Ол кісілерге ризашылығымызды айтқым келеді. Бірақ та мердігерлер өздеріне берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп, аяғына дейін бітірсе деймін. Мысалы «Апельсин» сауда маркеті жанында кәріз құрылысын аяқтамай, асфальтты ойдым-ойдым етіп кеткен. Сол секілді С.Ерубаев көшесінде су құбыры құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер де аяқжолдарды қопарып, брусчаткаларды орнына қайта қаламай тастап кетті. Дәл қасында мектеп тұр, бұл балалар үшін жайлы тұрмыс көрінісі ме, сонда? Бұған кім жауап береді, – дейді 1 мөлтекауданы тұрғыны Дамира Оралбекқызы.
– Мен айналадағы тазалыққа қатысты айтқым келген. Тазалықшылар барынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Алайда, үйдің жанында қоқыс жәшіктері орыналасқандықтан тазалыққа алаңдаймын. Таңертең бұрқыратып қоқысты жүк көлігіне тиеп жатады. Бұрындары қағаздарын өртеп, ыс сасып кетуші еді. Біраз көршілермен әкімдікке арызданып жүріп, қоқыс өртегенді қойдырттық, әйтеуір. Тау-тау қоқыс шығады. Осыны оңтайландыруды ойластырса деймін. Мысалы, біз біраз жыл Алматыда тұрған едік. Сол кезде байқағаным ол жақта қоқысты тұрғындар сұрыптап тастайды екен. Қағазды, пластик ыдысты қоқыстан жеке-жеке арнайы контейнер қойып бөлек жинайды. Қайтадан өңдеп, кәдеге жаратады екен. Осы әдіс тау-тау қоқысты полигонға жеткізбей азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Қоқысты қайта өңдеп, жәшіктерге сұрыптап тастауды қалыптастырса, қағазды-пластикті тұрғындардың өткізіп тиын-тебен алуына мүмкіндік берсе, болмаса басқа жолмен ынталандырып қызықтырса деген тілегіміз бар. Бұдан ешкім байып кетпес, қайта осы жүйені енгізсе тазалық мәселесі оң шешілер еді. Тазалықшылардың жұмысы да анағұрлым жеңілдер еді,- дейді 1 мөлтекауданы 45 үйдің тұрғыны Ш.Әйтенова.
Қала әкімдігі ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек: Түркістан қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» және «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Жалпы қалада аталған мекемелер тарапынан тазаланатын 787 көше бар. Оның 136 көшесі механикалық жолмен тазаланса, 651 көшеге жұмысшы күші жұмылдырылады.
«Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС қаланың орталық көшелеріне қызмет көрсетсе, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-гі әкімшілік іскерлік орталығы мен рухани мәдени орталық және шаһардың шеткі көшелерінің тазалығын қамтиды. Қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ортақ пайдаланылатын көшелерде, саябақтар мен аллеяларда белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтар тастаған 1771 құқық бұзушылықтар анықталып, Әкімшілік кодекстің 434-2 бабында көзделген талаптар бойынша шара көрілген.
P.S. Тұрғылықты мекен-жайымыздың тазалығы туған қаламыздың әрбір азаматы, әр түркістандықты ойландыруы тиіс. Сіз болып біз болып Түркістанды таза қалаға, әсем қалаға айналдырсақ нұр үстіне нұр емес пе? Тазалық баршаға ортақ құндылық.