ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНАН ШАЛҒАЙДА ОРНАЛАСҚАН АУМАҚТАРДА 12 ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ САЛЫНАДЫ
Шымкент қаласында бүгінгі таңда тұрғындарға 36 медициналық ұйым қызмет көрсетеді деп хабарлайды Infonews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шымкент қаласында алғашқы жартыжылдықта жаңа 5 медициналық ұйым ашылып, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік байланыстар жолға қойылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 9 млрд. теңге қаралып, медицина ұйымдарының базасын жаңарту жұмыстары 71 пайыздан 81 пайызға жетті. Қазіргі уақытта медицина ұйымдарының базасын жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
сондай-ақ биылғы жылы 6 медициналық ұйымның ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілсе, алдағы бес жыл ішінде 10 медициналық ұйымның құрылыстары қолға алынбақ. 2023 жылға дейінгі мерзімде қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарда 12 дәрігерлік амбулатория салынатын болады.
Айта кетейік халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында медициналық персоналдың 30 пайызын қамти отырып, Израиль, Алмания, Ресей, Литва мемлекеттерінің озық медицина ғалымдарын тарта отырып, тәжірибе арттыру дәрістерін ұйымдастыру жоспарланған.