ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫНА ТҰРҒЫНДАР ДА ЖАУАПТЫ
«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым», – дейді Мемлекет басшысы.
Түркістан қаласын абаттандыру және көкжелектендіру үлкен қарқынмен жүргізілгенімен пайдалануға берілген нысандарды күтіп ұстауға қалалықтардың азаматтық позициясы мәдениеттілік пен адалдыққа бағытталуы тиіс. Мәселен, өткен жылдары «Бірліктегі» қоқыс алаңы туралы БАҚ-та біраз дабыл қағылды. Білуімізше, Түркістан облысы заңсыз қоқыс полигондары көп өңір екенбіз, осы мәселенің және қала ішінің тазалығы жөнінде айта берсе мәселе баршылық. Десе де оның шешімін табу жолдары да қарастырылып жатқанын естен шығармау керек.
Жалпы қала көлемінде санитарлық тазалық жұмыстарымен «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС және «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС айналысады.
Қалада 875 көше бар. Оның ішінде механикалық жолмен тазаланатын 136 көше, қолмен тазаланатын 787 көше. Орталық маңызы бар 39 көшеге арнайы техникалар бекітіліп, күніне 2-3 реттен тазалық жұмыстары жүргізіліп, көше бойлары жуылып тұрады.
Қала аумағы 6 тұрғын секторға бөлінген. Осыған орай әрбір тұрғын секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қоқыс алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әрбір көшеден алынатын қоқыстарға жұмыс кестесі түзілген. Бұл жөнінде күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына мәлімет жолдануда. Белгіленген күннен бұрын көше бойына шығарылған қоқыс иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, екінші рет қайталанған жағдайда айыппұлдар салынады.
Жоғарыда аталғандай тазалықпен мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңіп алған екі мекеме айналысады. Келісім-шарт негізінде қаладағы көшелерді сыпырып, лотоктың ішіне толған, аяқжолдарда жатқан қоқыстарды тазалайды. Жол бойындағы скверлер мен аллеяларды тазалайды. Олардың міндетіне осы ғана кіреді. Әрбір үйдің қоқысын шығару олардың міндетіне жатпайды.
Тұрғындар екі нәрсені айқын түсінуі керек дейді сала өкілдері. Екі түрлі қоқыс бар. Бірі көшедегі, қоғамдық нысандардағы қоқыс, екіншісі – қатты тұрмыстық-қалдық. Тұрғынның үйінен шығатын қоқыс. Үйінен шығатын қоқысты тұрғынның өзі ақша төлеп шығаруы керек. Бірақ, қалада көп адам қоқысқа ақша төлемейді, ондай әдет қалыптаспаған. Әлгі екі мекеме тек көшенің қоқысын тазалауы тиіс, бірақ адамдар қоқыстарын пакеттер мен қапшықтарға салып, жол бойына тізіп қояды. Қалада қоқыс күнде алынатын 1-санатты Тәуке хан, Б.Саттарханов, Қазыбек би, С.Ерубаев, С.Қожанов секілді көшелер бар, 2-санаттағы қоқыс аптасына 2-3 рет алынатын көшелер, 3 санаттағы аптасына 1 рет қоқыс алынатын ішкі көшелер бар.
Осыған байланысты қалалық инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов өз сөзінде: «Тұрғындар кестені біледі. Бірақ, соған қарамастан қалаған күні қақпасының сыртына қоқысты үйіп қояды. Лотоктарға қойып кетеді. Пакеттердің аузы-мұрнынан шығарып қатты тұрмыстық қалдық қана емес, тамақ қалдықтарын да қоя салады. Ол тамақ қалдықтарын түнімен ит-құс түрткілеп, шашып, ақтарып кетеді. Өте тұрпайы көрініс. Одан қала берсе, үйінде жөндеу жүрсе құрылыс қалдықтарын шығарады, малдың қиына дейін қапшық-қапшық қып көше бойына шығарады. Көшені тазалайтындар амал жоқ, ол қоқысты алып кетеді. Негізінде 3 көшеге 1 жүк көлігі қарастырылған, алайда 1 жүк көлігі 1 көшенің басында-ақ толып қалады. Бір көліктің орнына 3 немесе 5 көлік жұмсалады. Ал, қалған 6 көліктің шығынын кім төлейді? Ол көліктердің май-суы, шығындары болады, оны да ескеру керек. (Қоқыс шығарудың өзінің нормативі бар: ол жан басына шаққанда 0,5 кубтен аспауы тиіс).
Сол себепті былтырдан «БТО-Түркістан» деген мекеме құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың міндеті тазалық мекемесінің түбіртегін таратады, қоқыс жинау қызметінің қаржысын жинайды. Тұрғындар арасында түсіндіру жүргізіп, түсінбегендерінен сот арқылы өндіріп қаржы жинайды. Көпке топырақ шашқандай болмайын, алайда айтпасқа амалым жоқ: тұрғындарда ішкі мәдениет жетіспейді. Ауланың сыртына қоқысты шығарса сонымен бітті ме? Жеке тұрғын үйде азаматтар қоқысты ауласының ішінде сақтауы керек. Кестеде бекітілген күні ғана шығаруы керек. Сол кезде оны тазалық мекемесі алып кетеді, тазалық болады. Алайда, осыған халықты үйрете алмай жатырмыз. «БТО-Түркістан» мекемесін құру себебіміз де осы. Аталған 2 мекемеде бар-жоғы 500 адам жұмыс істейді, қалада 875 көше, 220 мың тұрғын бар. Оның бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар саналы түрде әуелі өздерін өзі сыйлап, тазалықты әркім өзінен бастаса тазалықшылардың жұмысын жеңілдетсе деген тілегім бар»,-деп тұрғындарға тазалықшылардың мәселесіне түсіністікпен қарауын сұранды.