Қала тұрғындары тұрақты жұмыс орындарына жолдамалар алды
Халықты жұмыспен қамту орталығында қала халқын жұмысқа орналасуды жеделдету бойынша бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге екі жүз елуден аса қала тұрғыны қатысты. Онда 333 мекемеден 941 бос жұмыс орны ұсынылды. Олардың 352-сі — 35 мекеменің қоғамдық негізде, 189-ы — 106 мекеменің тұрақты негізде, қалғаны жеке кәсіпкерлердің сұранысы бойынша жасалды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің басты мақсаты – халық арасындағы жұмыссыздық санын азайтып, сапалы мемлекеттік қызмет ұсыну. Жәрмеңкенің ашылуында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Талғат Байжанұлы аталған шараның жұмыссыз тұрғындар үшін жасалған таптырмас мүмкіндік екенін айтты. Сонымен қатар, қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретінін жеткізді.
Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары бос жұмыс орындары жазылған тақтадан өз мамандықтары бойынша жұмыстарын тауып, жұмыс берушілердің байланыс нөмірлеріне хабарласып, жұмысқа орналасатынын айтып, қуаныштарын бөлісіп жатты.
Жәрмеңкеде Түркістан облысы бойынша экономист, бухгалтер, бастауыш сынып мұғалімі, кеңсе мамандары, бағдарламашы, тәрбиеші, заңгер, ағылшын тілі пән мұғалімі, мейірбике, қосалқы жұмыс секілді мамандықтардан бос жұмыс орны көптеп қарастырылған. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен де бос жұмыс орындары бойынша ақпарат беріп, жастарды жұмысқа шақырды.
Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды есепке тіркеп, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындайтындығын, айту парыз. Сонымен қатар, жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына орналасуға бағыттап жәрдем көрсетіп, бос жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады.
Жәрмеңке нәтижесінде қала тұрғындары тұрақты жұмыс орындарына жолдамалар алды.