Қала әкімі XXXII жазғы олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды қабылдады

0
129
Бұл жылы әлемнің көптеген спортшылары үшін ең маңызды жыл. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында 32-ші жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Шымкент қаласының қоржынында бүгінгі күні спорттың 7 түрі бойынша 11 олимпиадалық лицензия бар.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады. Кездесуде алдағы жауапты жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен келулеріне сенім білдірді.
– Спорт – бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз – біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз!- деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Еске сала өтсек, Шымкенттен стенд атудан – Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан – Юрий Юрков; каратэден – Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан – Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан – Алина Адилханова; байдарка және каноэден – Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан – Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.
Сонымен бірге, Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына кірді.

Leave a reply