ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 12 062 ОТБАСЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУҒА МҰҚТАЖ ДЕП ТАНЫЛДЫ
Шымкент қаласының аудан аумақтарында мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру бойынша жұмыстар жүргізілуде деп хабарлайды Infonews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратында бұл мақсатта 12 учаскелік комиссия құрылып, құрамына 80 адам тартылған.
Сондай-ақ жыл басынан бері Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 14 427 отбасы өтініш білдірген. Нәтижесінде 12 062 отбасы мұқтаж деп танылды. Оның ішінде 2 365 отбасыға түрлі көрсеткіштегі себептермен мұқтаж еместігі жөніндегі қорытынды берілген.
Айта кетейік, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтінішті Заңнамаға сәйкес отбасының табысы кедейлік шегінен аспайтын (2021 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша – 23 679 тг) отбасылар бере алады. Берілген өтініштер аудан әкімдігі жанынан құрылған учаскелік комиссияға жолданады. Комиссияның тексеру жұмыстары нәтижесінде оң қорытынды алған отбасыларға яғни табыс көзі кедейшілік шегінен аспағанда ғана мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындалады және төлем жүргізіледі.