Қожа Ахмет Ясауи қай жылы дүниеге келген?

Түркі әлемінің рухани көшбасшысы заманында «Әулиелердің сұлтаны» (Султан ул-арифин), «Түркілердің сұлтаны» (Султан-и Турки), «Бақытқа ашылған қақпа» (астана-и саадат), «Рухани тіректердің ұстазы» (қутуб ул-ақтаб), «Шайхтардың шайхы» (шайх ул-машайих), «Түркі елінің пірі» (пир-и Туркистан), «Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи» ретінде танылғаны тарихтан белгілі.
Халықтың ерекше ілтипатына ие болып, «Әулиелер сұлтаны» атанған, кейінгі ұрпақтың да руханият әлеміндегі бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи артына баға жетпес рухани байлық, өшпес мұра қалдырып кеткені белгілі. Әулиенің ізіне ерген шәкірттері Түркістан атырабынан асып, оның ілімін төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Алайда, осы күнге дейін Қожа Ахмет Ясауидің туған жылы, неше жыл ғұмыр кешкендігі жөнінде ғалымдар бір байламға келген жоқ.
Бізге жеткен деректер бойынша ұлы ұстаз 1093 жылы Сайрамда өмірге келіп, 1166/67 жылы Түркістанда дүние салды делінеді. Сонда ғұлама 73 жыл өмір сүрген. Келесі деректерде «Қожа Ахмет Ясауи 1103 жылы туып, 1166/67 жылы қайтыс болды» деген мәліметтер кездеседі. Бұдан ұлы ұстаздың 63 жыл өмір сүргендігін аңғаруға болады.
Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған көл-көсір еңбектерінің бірі һәм бірегейі «Диуани хикмет» кітабында баба өзінің 125 жыл өмір сүргендігін жазып қалдырған. Отандық ғалымдар М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы М.Шафиғидің «Ақыл кітабында»:
Хақ тағала рахымымен пәрмен қылды,
Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Алпыс үште сүндеттерін бекем тұтып,
Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,
Алпыс үште сүндет деді естіп білдім.
Жер астында бар жаныммен құлдық қылдым,
Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет
Жарандардан пайда, көмек ала алмадым,
Жүз жиырма беске кірдім, еш нәрсе біле
алмадым.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының алғашқы қор сақтаушысы О.Дастановтың 1967 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты кітабында «Қожа Ахмет Ясауи Мұхаммед пайғамбардың жасына келген соң жер астынан үй (ғибадатхана) салдырып, мұнда тағы да алпыс екі жыл өмір сүріпті» деген пікір білдіреді. Музей-қорықтың қорында сақталып, 1847 жылы көшірілген «Диуани хикмет» қолжазба кітабында:
Алпыс үште дауыс жетті:
«Ей, құл, жерге кіргін деп,
Жаныңмен де, жараныңмен қоштасып ап
жүргін деп.
«Һу» семсерін қолға алып нәпсіңді жой біртіндеп»,
Бір уа Барым, сенің дағы дидарыңды көрем бе? десе, мына хикметте:
Тәң сәріде дүйсенбі күні қылуетке кірдім,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге.
Алпыс үште «сүннет», – деді, естіп тұрдым,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге! – дейді.
Демек, Қожа Ахмет Ясауи алпыс үш жаста дүниеден өтпегендігін дәлелдейтін хикметтерде осындай өлең жолдары кездеседі.
Қожа Ахмет Ясауи әулетінің шежіресі болып табылатын «Насабнама» қолжазбасының 80-ге жуық түрі ғалымдар зерттеулері нәтижесінде анықталған. 1988 жылы да Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғыны Қуандық Сәруаров ақсақалдың үйінде сақталған «Насабнама» шежіресі табылған болатын. Қолжазбаны 1992 жылы белгілі текстолог ғалымдар Ә.Муминов пен З.Жандарбек шағатай тілінен қазақ тіліне аударып, кітап етіп жарыққа шығарды. Сол «Насабнама» шежіресінде: «Ясауи Ахмет Қожа ата 120 жыл өмір сүрді. Он екі мың атақты мүриді болды. 40 қылуетханасы бар еді. Қылуетке кіріп, 41-ші күні шығатын еді. Ясауи Ахмет Қожа Қағбаға барып намаз оқитын еді» деген деректерді кездестіруге болады.
2024 жылдың қаңтар айында Қырғызстан Республикасы, Жалалабад облысы, Алабұқа ауданында Қожа Ахмет Ясауи әулетінің өкілдері Минавар Тажиддинов ақсақал (76 жаста), зайыбы Мадина Тажиддинова (66 жаста), ұлы Муслим Тажиддинов (48 жаста) музей-қорық әкімшілігіне келіп, бабаларынан жеткен Қожа Ахмет Ясауи әулетінің парсы тілінде жазылған ұзындығы 40 метрге жуық «Насабнама» шежіресін таныстырып, қолжазба шежіренің электронды нұсқасын музей қорына сый ретінде өткізді. Шежірені Тажиддин ақсақал қартайған шағында әулетке түскен жас келін Рахилаға сандықта сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуді аманаттаған екен. Шежірені сақтаған Рахила апа бұл күндері 93-ке келіп, әулетін жинап, «Насабнаманы» Минавар Тажиддинов ақсақалға табыстаған. Шежіреде Қожа Ахмет Ясауидің және зайыбының шыққан тегі жайлы мәліметтер, ұлы Ибрахим, қызы Гауһар хұштаж, күйеу баласы Ахмет әл-Қарачуқи есімдері жазылған. Музей-қорықтың кіші ғылыми қызметкері Ұ.Жүнісбаев пен ясауитанушы-ғалым З.Жандарбек шежіренің ХХ ғасырдың басында көшірілгендігін, көптеген басқа шежірелерде жоқ мәліметтердің бар екендігін алға тартты. Аталмыш шежіреде:
«Хазірет Сұлтан Ходжа Ахмед Ясауидің нақ бауыры Ходжа Ибраһим Атаның ұлы Сұлтан Садыр шайх әулетінің баяны. Арифиндердің Сұлтаны Ходжа Ахмед Ясауиге берілген сыйлардың бір бөлігі – ол 120 жыл өмір сүрді. 63 жылын сыртта күн жарқырап түсіп тұратын ханакада халайықты тура жолға салып, ең төменгі сатыдан жоғары сатыға жеткізіп, Ұлық Аллаға жақындауға жеткізді. Одан кейін ғаламның сардарының соңынан еріп, күн көзі көрінбейтін, жер асты қылуетханасында иғтикаф қылып, Иләһи сырларға үңіліп, мыңдаған мухлистарды әулиелік дәрежеге жеткізіп, муршид жасады. Осы 120 жыл өмірінде хазірет Хызыр және Иляс ғаләйһима әс-сәләмдармен бірге сұхбаттас болды. Хазірет Сұлтан Ходжа Ахмед Ясауидің кейбір Манақибтарында Хазірет Сұлтанның қасында қылуетханада мың ерлер Ұлық Хаққа жетті, яғни ол мың әулие әрқашан Хазірет Сұлтанмен бірге қылуетте отырды. 120 жыл өмірінде 99 мың мүридті шайхылық мәртебесіне жеткізіп, иршад беріп Хаққа жеткізді» деген деректерді кездестірдік.
Түркістандық Оразбай Сейдрахманұлы Нажимов ақсақалдың отбасында сақталған «Насабнама» шежіресінде де бізге беймәлім деректер кездесті. Шежіре сегіз метрге жуық. Шағатай тілінде жазылған. Онда Қожа Ахмет Ясауидің 120 жыл өмір сүргендігі, ұлы Ибрахим (бала күнінде Сүйір әулеті өкілдерінің қолынан қаза тапқан), Гауһар хұштаж және Жәмилә есімді қызының бар екендігі жазылған. Шежіредегі деректерді одан әрі нақтылау үшін М.Е.Массонның «Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави» кітабында: «В городе Туркестан до 1896 года недалеко от мавзолея Ходжа Ахмеда существовал мазар, якобы, его дочери Джемаль-ханым, а за городом и до сих пор стоит невзрачное сооружение над могилой другой его дочери Гаухар-хуштадж» делінген. Онымен қоса, А.Добромысловтың 1912 жылы Ташкентте жарық көрген «Города Сырь-дарьинской области» кітабында да дәл осындай деректерді кездестіруге болады. Оразбай Сейдрахманұлы Қожа Ахмет Ясауидің шежіреде айтылған екінші қызы Жәмиләдан тарайтын әулеттің өкілі. Өкінішке қарай, кеңес өкіметі кезінде бабалары көп қудалау көргендіктен, Ясауи әулетіне қатысты бірнеше қолжазбаларды сандық түбінде тығып сақтау қажет болғанын айтады.
Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы дүниеге келіп, 1166/67 жылы қайтыс болса, 73 жыл өмір сүрген болып шығады. Ал, 1102 жылы туып, 1166/67 жылы қайтыс болса, 63 жыл өмір сүрген. 120 жыл өмір сүрген болса, онда туған жылы 1093 жыл немесе 1102 жылға емес, керісінше одан әрі – 1046 жылға сәйкес келеді. Қайтыс болған 1166/67 жылы нақты деуге болады. А.Добромысловтың 1912 жылы Ташкентте жарық көрген «Города Сырь-дарьинской области» кітабында «Қожа Ахмет Ясауи хижра жылы бойынша 562, біздің жыл санауымыз бойынша 1166-1167 жж. қайтыс болды» деп жазады. Яғни Қожа Ахмет Ясауи 1046 жылы дүниеге келіп, 1166/67 жылы қайтыс болған. «Диуани хикмет», «Насабнама» шежірелерінде жазылған деректерде де оның 120 жыл өмір сүргендігі нақтыланады. Жоғарыда айтылған деректерді саралай келе, Қожа Ахмет Ясауидің туғанына биыл 930 жыл емес, керісінше 978 жыл толып отыр. 2026 жылы Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 980 жыл толады деген тұжырым жасаймыз.
Берік БАЙБОЛОВ,
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығы ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы.
Ұлықбек ЖҮНІСБАЕВ,
ғылыми-зерттеу бөлімінің кіші ғылыми қызметкері.