ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛУДЕ

0
102

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қала тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, халық арасында жүрген шаһар басшысы бұған дейінгі кездесулер барысында тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен атқарылып келе жатқандығына тоқталды.

Атап айтсақ, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен жыл басынан бергі кездесулерде 112 мәселе көтерілген болатын. Оның 67 – і орындалды. 9 жол мен көлік саласы, 17 инфрақұрылым, алты қоғамдық көлік, сегіз абаттандыру және 13 басқа да мәселелер өз шешімін тапты. Тоғыз мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. 36 мәселенің заңға сәйкестігі түсіндірілді. Қала әкімінің баяндауынша, барлық секторларға ортақ өзекті мәселелер бір арнаға тоғысады.

Оның ішінде ең өзектісі-қала көлеміндегі жолдардың жайсыздығы. Қала аумағында 845 шақырым жол бар. 875 көше орналасқан. Оның ішінде 316,1 шақырымы асфальт жол, 392,5 шақырымы тас жол, 136,4 шақырымы топырақ жол. Нәтижесінде, 2022 жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4% дан 39,5% артты. Нәтижесінде, асфальт жол 333,6 шақырымды құрайды. Пайызға шаққанда 39,5% жеткізілді. Тас жол 478,3 шақырымды құрап 56,5% жеткізілді. Күні бүгінге дейін топырақ жол 33,1шақырымда орын алып отыр.

-Тұрғындармен кездесулерде көбіне жұртшылық өкілдері өздері орналасқан сектордағы жолдардың тезірек жөнделгендігін қалайды. Бұл дұрыс. Бірақ сабыр сақтаңыздар. Себебі бұл көшелердегі жолды жөндеу жұмыстарын бастау үшін алдымен жобалық сметалық құжаты жасалады. Одан кейін байқау жарияланып, мердігер анықталған соң ғана жұмыс басталады. Бұл жедел орындала қалатын мәселе емес. Қала бойынша жолдарға тас төсеу, асфальттау жұмыстары кезең-кезеңімен орындалып келеді, – деп әкімі халыққа басу айтты.

Leave a reply