Thursday, November 21

ҚОҒАМДАҒЫ КЕЛІСІМ МЕН БІРЛІК ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

0
117

Қоғамдық келісім мен ұлт бірлігін сақтауға ықпал ететін факторлардың бірі – отбасындағы ынтымақ пен түсіністік. Өйткені, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дегендей жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы да, Мемлекетіміздің іргетасының берік болуы да отбасының қандай болуына байланысты. Отбасындағы зорлық-зомбылық та құқық бұзушылық, қылмыс болып табылады. Оның алдын алуда егер ондай жағдай орын алғанда кінәліні анықтап жазалау, отбасының берекесін кіргізу бағытында нақты жұмыстар атқару маңызды.
Таяуда ғана Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының «102» нөміріне жергілікті тұрғын арызданып, отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтқан. Аталған жайт бойынша Қаратау ауданы Полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Назым Аярбекова отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдің үйіне барып, психологиялық көмек көрсетті.
Тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтарға байланысты, ҚР-ның «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңына сәйкес, егер жәбірленуші әйел өзін қорғауға арыз жазатын болса, құқық бұзушыға қатысты нұсқама шығады. Яғни, ол адам профилактикалық есепке қойылады. Профилактикалық есепке қойылғаннан кейін, арыз түскен адамға 30 күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Оның үйіне учаскелік полиция инспекторы ұдайы барып тексеріп тұрады. Профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Егер құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзатын болса, онда жәбірленушінің арызы бойынша, ол жауапкершілікке тартылатын болады.
Қала аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу мақсатында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» республикалық акциясы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жайтын тоқтату және кінәліні жауапкершілікке тарту үшін «102» нөміріне қоңырау шалу қажет. Сонда ғана отбасында орын алатын келеңсіз жайдан құтылып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға негіз қаланады.

Leave a reply