Қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығы мен еңбек дауларының алдын алу мақсатында мәжіліс өтті

0
12
Созақ ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында Қазатомөнеркәсіп ҰАК АҚ-на қарасты уран өндіруші кәсіпорындарындағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау және еңбек дауларының алдын алу мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды төрағалық етіп, өндіріс орындарындағы өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдары талқыланды.
Шараға ҚР ҰҚК Түркістан облысы департаментінің Созақ аудандық бөлімінің басшысы Дәулет Тастанов және аудан аумағындағы өндіріс орындарының өкілдері мен жауапты бөлім басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов баяндама жасап, аудан аумағындағы уран өндіру кәсіпорындарында кездесетін негізгі мәселелерді атап өтті. Сонымен қатар, жұмысшылар мен басшылар арасындағы байланыс пен өзара түсіністікті нығайту қажеттілігі сөз болды.
Аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Болатұлы еңбек шарттарын жақсарту, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын арттыру туралы ұсыныстарын жеткізді.
ҚР ҰҚК Түркістан облысы департаментінің Созақ аудандық бөлімінің басшысы Дәулет Тастанов өз сөзінде, өндіріс орындарында жұмысшылар мен басшылар арасындағы тығыз қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Өндіріс саласындағы мәселелерді анықтап, алдын алу шараларын дер кезінде қолға алу қажеттігін ескертіп, жиынды қорытындылады.

Leave a reply